Облыстық мәслихат депутаттары Қарағанды облысын абаттандыру және көгалдандыру аудитінің қорытындыларын қарады

Облыстық мәслихат депутаттары Қарағанды облысын абаттандыру және көгалдандыру аудитінің қорытындыларын қарады

Облыстық мәслихат депутаттары Е.Әбілдин, А.Әлімжанов, С.-М.Казитов, А. Куприенко, С.Шаймағанбет Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының өңірді абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің мемлекеттік аудиті қорытындыларын қарау жөніндегі отырысына қатысты.

Отырысқа Тексеру комиссиясының төрағасы Д.Б.Мұхамеджанова, сондай-ақ тексеру комиссиясының мүшелері, Қарағанды қалалық мәслихатының төрағасы А.Ж.Бөкенов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Р.М.Қожақапанов, Қарағанды қаласы Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарының әкімдері, облыс қалалары мен кенттерінің әкімдері және т.б. қатысты.

Депутаттық корпус бастамашылық еткен мемлекеттік аудитпен 18 мемлекеттік мекемеге бөлінген 12 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты қамтылды. Бюджеттік және өзге де заңнамалардың бұзылуы, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі жобаларды жоспарлау мен іске асыруда жүйелі проблемалар анықталды. Тексеру комиссиясы жергілікті атқарушы органдар тарапынан тәсілдердің кешенділігі жеткіліксіздігін, аула және қоғамдық аумақтардың жай-күйі туралы жүйеленген ақпараттың жоқтығын, мердігер ұйымдарды бақылаудың жеткіліксіздігін және т.б. атап өтті.

Депутаттық корпус тарапынан абаттандыру объектілерін күтіп ұстау, ПИК (МИБ) жауапкершілігін ажырату, сондай-ақ орындалатын жұмыстарды жоспарлау, жобалау және мониторингілеу сапасын арттыру қажеттілігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, облыстық мәслихат Қарағанды облыстық мәслихатының 2024 жылғы 16 шілдедегі №194 шешімімен бекітілген қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын түзетудің орындылығы туралы мәселені қарайтын болады.

Отырыс қорытындысы бойынша депутаттық корпус бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға, қалалық ортаның сапасын жақсартуға және халықтың өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.