Кезекті сессияда өңірді дамыту бойынша маңызды шешімдер қабылданды

Кезекті сессияда өңірді дамыту бойынша маңызды шешімдер қабылданды

Қарағанды облыстық мәслихатында Нұркен Кобжановтың төрағалығымен кезекті сессия өтті, онда өңірдің дамуы мен әлеуметтік салаға қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет пен облыс және аудандар бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемін бекіту болды.

Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Қ.Нұркенов, Қоғамдық кеңестің төрағасы С.Б.Байбосынов, сондай-ақ қалалық және аудандық мәслихаттар төрағалары, мемлекеттік органдар өкілдері, қалалар мен аудандар әкімдері қатысты.

Алдағы кезеңге арналған облыстық бюджет, өткен жылдардағыдай, әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге бағдарланған. Бюджеттің жалпы көлемінің 64,6% әлеуметтік блокты дамытуға, 23,4% - экономиканың нақты секторын қолдауға және орнықты дамытуға, сондай-ақ негізгі бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмсалады. Облыстық бюджеттің жалпы көлемінің 5% құқық қорғау қызметін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға, азаматтық қорғаныс және пробация қызметіне бағытталады.

Облыстың орта мерзімді дамуы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтудың негізгі бағыттарын айқындайтын Өңірді дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспарын бекіту туралы шешім қабылданды.

Сессия шешімімен Тұзды ауылдық округінің (Бұқар Жырау ауданының Көкпекті станциясы) 281 гектар жері Қарағанды шекарасына енгізілді, Абай қаласының, сондай-ақ Абай ауданының Мичурин, Қарағанды, Дзержинский және Дубов сияқты ауылдық округтерінің шекаралары келісілді.

Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов депутаттық корпустың 2025 жылғы жұмысының нәтижелері, сондай-ақ өткен жылы іске асырылған негізгі бастамалар бойынша есеп берді. Сессия аясында мәслихаттың келесі жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Депутаттар өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты облыстық мәслихат құрамына саяси партиялардың жаңа өкілдері енгізілді: «AMANAT» партиясынан – Наиль Мунасипов, «Ауыл» - Сұлтан Шаймағанбет. Сонымен қатар, Арман Әлімжанов бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып сайланды.

Бұдан бөлек, амбулаториялық медициналық көмекке арналған дәрі-дәрмектер атауларының тізбесін кеңейту туралы мәслихат шешімі қабылданды. Ауылдық жерлерге, кенттерге, сондай-ақ аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға қызметке жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету тәртібіне өзгерістер енгізілді. Бұл шаралар шалғай аудандардағы медициналық көмектің сапасын жақсартуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Барлық қабылданған шешімдер облыстық мәслихаттың бақылауына алынды.