ҚР Парламенті Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың, депутаттардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының және қоғам өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары, сондай-ақ Палатаның мәслихаттармен және сарапшылармен негізгі салалар бойынша өзара іс-қимыл форматтары қаралды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағытына ерекше назар аударып, еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап берді. Оны сапалы іске асыруға үлес қосу – бәріміздің маңызды міндетіміз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғамдық және сараптамалық талқылауға шығарды. Парламенттік реформаның нәтижесінде мәслихаттардың да рөлі артады. Өйткені сіздер жергілікті жерлерде халықпен тікелей жұмыс істеп келесіздер», - деді Палата Төрағасы алдағы парламенттік реформаға баса назар аудара отырып.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеді.
Өз кезегінде, облыстық мәслихат депутаттары Евгений Буслаев, Асқар Оразбеков кеншілер мен регрессниктерді әлеуметтік қолдауды күшейтудің, сондай-ақ металлургия саласының экспорттаушы кәсіпорындарына жан-жақты қолдау көрсетудің маңыздылығын алға тартып, заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар бастамаларды ұсынды. Облыстық Қоғамдық кеңестің өкілі Әсел Бекбаева мүгедек балалар мен олардың отбасыларының құқықтары мен қолдауды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Заңнаманы жетілдіру бойынша келіп түскен барлық бастамаларды облыстық мәслихат ҚР Парламенті Сенатына жолдайтын болады. «Палата алдағы уақытта да өңірді дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береді», – деп қорытындылады сөзін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев.