Қарағанды облыстық мәслихатында Нұркен Кобжановтың төрағалығымен облыс әкімінің орынбасары Ораз Таурбековтің, аудандық мәслихат төрағаларының және әкімдіктердің, облыстық басқарма, энергетикалық компания өкілдерінің қатысуымен ауылдық денсаулық сақтау объектілерінің құрылысы мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңес аясында авторлық және техникалық қадағалау жүргізу, құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау, объектілерді инженерлік жүйелерге қосу және оларды коммуналдық меншікке қабылдау мәселелері бойынша депутаттық корпустың осыған дейін берілген ұсынымдарын орындау мәселелері қаралды.
Бүгінгі күні Денсаулық сақтау басқармасының балансына 32 объект берілді, тағы 9 объектіні беруге дайындап жатыр, ал 19 объект бойынша қажетті құжаттаманы ресімдеу және оларды тіркеу жүргізілуде. 21 объекті бойынша қабылдау-беру актілері ресімделмеген. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Саян Мұратұлының айтуынша, объектілерді тіркеу және пайдалануға қабылдау мәселелерін ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін аяқтау жоспарлануда.
Құрылыс жобаларын іске асыру сапасын арттыру мақсатында өңірлердегі депутаттарға ықтимал кемшіліктерді анықтау және оларды уақтылы жою үшін салынып жатқан объектілерде көшпелі іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылды.
Әлеуметтік маңызы бар объектілерді салу мәселелері депутаттық корпустың бақылауында.