Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, облыстық мәслихат депутаты Александр Куприенко Саран қаласының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды. Жұмыс сапарына Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т. Мұхтар, Саран қаласы әкімінің орынбасары С. Бейскеев, сондай-ақ Орталық басшысы Е. Тілеуқабыл қатысты.
Жұмыс сапарының мақсаты өмір сүру жағдайларымен және әлеуметтік қызмет көрсету тәртібімен танысу болды. Орталық мемлекеттік стандарттарға сәйкес тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық және арнаулы әлеуметтік қызметтердің өзге де түрлерін көрсетеді. Мекемеде психикалық-неврологиялық аурулармен ауыратын 18 жастан асқан мүгедек жандардың тұрақты тұруы үшін қажетті жағдайлар жасалған.
Ауданы 3417 шаршы метрді құрайтын Орталық 555 төсек-орынға есептелген және бірнеше корпустарды, сондай-ақ шаруашылық үй-жайларды (монша-кір жуу кешені, қазандық, гараж және қоймалар) қамтиды.
Депутаттар спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлді. Орталықтың қызмет алушылары паралимпиадалық спорт түрі боччамен белсенді айналысады, бірнеше рет облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері атанған. Ағымдағы жылы облыстық мәслихат депутаттары Орталықтың қажеттіліктері үшін мамандандырылған автокөлік сатып алуға қаржы бөлу туралы шешім қабылдады, ол облыстық бюджет қаражаты есебінен сатып алынады.
«Орталықтың қызметі Мемлекет басшысы жариялаған елдің әрбір азаматы үшін тең мүмкіндіктер қағидатын іс жүзінде жүзеге асырудың үлгісі болып табылады», – деп қорытындылады облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов.
Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері облыстық мәслихаттың бақылауында