Инклюзивті спорт түрлерін нығайту және ілгерілету аясында облыстық мәслихат депутаттары – Қадиша Оспанова, Игорь Жабяк, Александр Куприенко және Жан Серікұлы қалалық турнирдің ашылу салтанатында болып қана қоймай, бочча ойынына өздері де қатысып, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға шын жүректен қолдау мен құрмет көрсетті.
Іс-шара Қарағанды қ. Қ. Нұржанов атындағы жеңілатлетикалық манеждің жазғы кортында өтіп, спорттың адамдарды қалай біріктіре алатынының жарқын үлгісі болды. Бочча паралимпиадалық спорт түрі ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерді алаңға жинап, оларға өздерінің спорттық шеберліктерін ортаға салуға, ішкі күшін, төзімділігін және өз мүмкіндіктеріне деген сенімін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Бұл іс-шара тек спорттық мереке ғана емес, сонымен қатар инклюзия құндылықтарын, тең мүмкіндіктерді және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауды күшейтудегі маңызды қадам болды.
Қарағанды қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің, Бочча бойынша өңірлік федерацияның және «AMANAT» партиясының жастар қанатының, сондай-ақ іс-шараға жан-жақты қолдау көрсеткен қала депутаттары мен кәсіпкерлерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында жарысты ұйымдастыру мүмкіндігі туындады. Олардың қатысуы мен қосқан үлесі барша азаматтарға неғұрлым қолжетімді және әділ кеңістік құру ісінде бизнес пен қоғамның бірлігін айғақтайды.
«Облыстық мәслихат депутаттары әр тұлға өз әлеуетін іске асыра алатын және айналасындағылардың қолдауын сезіне алатын инклюзивті қоғамды қалыптастыруға ықпал ете отырып, өңірімізде боччаны одан әрі дамыту және насихаттау үшін бар күш-жігерін салады», – деп атап өтті облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Қадиша Оспанова.