Қалалық әкімдікте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешовтың қатысуымен өңірді газдандырудың ауқымды жобасын іске асыру бойынша өзекті мәселелер мен жоспарлар бойынша кеңес өтті.
Іс-шараның спикерлері облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, ҚР ЭМ газ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Ержан Қошқаров, Қарағанды әкімі м.а. Қайрат Қамзин, энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары және өңір жұртшылығы болды.
Жобаны іске асыру басталғаннан бері Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларында 266 км газ құбыры желілері салынды, олар 9589 жеке тұрғын үйге тартылды. Оның ішінде 5266 үй газбен жабдықтауға қосылған, ал жеке тұлғалар үшін 6646 техникалық шарт берілген.
Облысты газдандыру жобасы тұтастай республика деңгейінде қолдауға ие. «2025 жылы республикалық бюджеттен «Северо-Западный» кентіндегі жұмыстарды жалғастыру және Шахтинскіде орамішілік желілер құрылысын бастау үшін 4,1 млрд.теңге, сондай - ақ Қарағандыда I кезеңді аяқтау үшін 7,8 млрд. теңге бөлінді», - деп атап өтті Ержан Қошқаров.
Кеңес барысында депутаттар жобаны, оның ішінде жаңа жобаларды одан әрі қаржыландыру; газ-техникалық инспекцияларды жандандыру; газ жабдықтарына қызмет көрсету қауіпсіздігі және т.б. мәселелерді көтерді, заңнамалық деңгейде қолдауды талап ететін ұсыныстар одан әрі қарау үшін ҚР Парламенті Сенатына жіберілетін болады.