Кезекті XXVII сессияда облыстық мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органның және Тексеру комиссиясының облыстық бюджеттің атқарылуы және облыстың даму жоспарының 2024 жылы іске асырылуы туралы есептерін тыңдады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ОДЖ-ны іске асыру туралы есепті ұсына отырып, өңірдің дамуын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің оң динамикасын атап өтті. 2024 жылы 158 іс-шара іске асырылды, бұл ретте бюджет қаражатын игеру 97,5% құрады. Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина өз баяндамасында облыстық бюджеттің түсімдер жоспарының 100,2%, шығыстар бойынша – 98% орындалуы туралы мәлімдеді. Есепті кезеңде мемлекеттік борыш белгіленген лимиттен аспады.
Өз кезегінде, Тексеру комиссиясы, сондай-ақ бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының м.а. Гамаль Тоқсамбаев салық-бюджет ережелерін қатаң сақтау және өңірдің тұрақтылығы мен орнықты дамуының негізі болып табылатын бюджет қаражатын басқарудың тиімді тетіктерін құру қажеттілігіне назар аударды.
Депутат Гамаль Тоқсамбаев өз қорытындысында: «Өңірдің қаржылық дербестігі деңгейін арттыру үшін салық салынатын базаны кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Бұған қоса, депутаттық корпустың бастамасы бойынша жергілікті атқарушы органдар «көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарын әзірлеп бекітті. Алдымызда 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын әзірлеу міндеті тұрғанын ескерсек, аталған стратегиялық бағыттарды іске асыру салық түсімдерін ұлғайтуға және бизнесті жауапты жүргізу үшін жағдай жасауға бағытталған басым міндет болуы тиіс», – деп атап өтті.
Сессия аясында депутаттық корпус Балқаш, Қарағанды, Приозерск, Теміртау, Шахтинск және Абай аудандарындағы ТКШ нысандарын жөндеуге; денсаулық сақтау мекемелерінің МТБ нығайтуға; спортты дамыту және басқа да бастамаларға бағытталған бюджетті нақтылау бойынша облыс әкімдігінің ұсыныстарын қолдады.
Депутаттар қоғамда бұқаралық мәдениетті қалыптастыратын әлеуметтік-мәдени нысандар жұмысының тиімділігіне ерекше назар аударды. Бейіндік комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова мәлімдегендей, облыстық мәслихат депутаттары 80-нен астам мәдениет мекемелерінің қызметімен танысты. Жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін перспективалық іс-шаралар жоспарын дайындау бойынша ұсынымдар әзірленді, сондай-ақ ауылда бірыңғай кітапхана желісін құруға қатысты НҚА-ға өзгерістер және т.б. ұсынылды.
Сондай-ақ, депутаттық корпус облыстың кадр тапшылығы бар кенттері мен қалаларына жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін қолдау шаралары, сонымен қатар сирек аурулары бар азаматтар үшін ТМККК-ны қосымша ұсыну туралы мәслихат шешімдерін қабылдады.
Бұдан бөлек, депутаттар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына түзету енгізді; жеке меншікте болуы мүмкін жер учаскелерінің шекті мөлшерін белгіледі.
Отырыс соңында сессия төрағасы Нұркен Кобжанов: «Бүгін қабылданған шешімдерді одан әрі іске асыру мәселелері облыстық мәслихаттың бақылауына алынды», – деп атап өтті, осылайша олардың орындаудың жауапкершілігі мен міндеттілігін нақтылады.