
17 желтоқсан күні кезекті XXX сессияның материалдарын қарау жөніндегі Саран қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысын өтті. Отырысқа қала әкімінің орынбасарлары, Қоғамдық кеңестің төрағасы, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
2026-2028 жылдарға арналған қалалық бюджет пен Ақтас кенті бюджетінің жобаларына басты назар аударылды. Талқылау барысында депутаттар Ақтас к. дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауды қаржыландыру және оны одан әрі күтіп ұстау, салық түсімдерінің көлемі, автомобиль жолдарын жөндеу, Ақтас кентіне берілетін субвенциялар мен ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нақтылайтын сұрақтар қойды. Барлық көтерілген мәселелер бойынша толық түсініктемелер берілді.
Сондай-ақ, депутаттар Саран қаласын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған жоспарының жобасын қарады, онда қаланың бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары, міндеттері мен тетіктері айқындалды.
Сонымен қатар, отырыста коммуналдық мүлікті мүліктік жалдағаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемелерін келісу, учаскелік сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу, үйлестіру кеңестері мен комиссияларының дербес құрамдарын бекіту мәселелері талқыланды.
Соңында депутаттар Саран қалалық мәслихатының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын қарады.
Отырыс қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер Саран қалалық мәслихатының кезекті сессиясында қарауға ұсынылды.