
Бүгін VIII шақырылған қалалық мәслихаттың кезекті XLII сессиясы өтті. Сессия жұмысына қала әкімі Ахметов Мансұр Талғатұлы, қала әкімінің орынбасарлары Айдарханов Темірхан Айдарханұлы мен Алмас Ұлан Алмасұлы, қоғамдық кеңестің төрағасы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бөлім басшылары қатысты. Сессия барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық даму бағыттарына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралып, атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, алдағы міндеттер айқындалды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ретінде 2025 жылғы қалалық бюджеттің орындалуы мен бюджет қаражатының игерілуі жөніндегі есеп тыңдалды. Баяндамашы қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы, бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы жан-жақты ақпарат берді. Одан кейін Приозерск қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметі қаралды. Есеп барысында мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, бұқаралық спортты дамыту және тұрғындарды салауатты өмір салтына тарту бағытында жүзеге асырылған жұмыстар баяндалды. Сессияда жастар саясаты мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, еріктілер қозғалысын дамыту, жастар ұйымдарымен өзара ынтымақтастықты нығайту және олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қалалық білім бөлімінің қызметі қаралып, білім беру ұйымдарының жұмысы, оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар сараланды. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары болды. Бұл бағытта қоғамдық кеңістіктерді көркейту, санитарлық тазалықты сақтау, жасыл желектерді күтіп-баптау және тұрғындарға жайлы қалалық орта қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері баяндалды. Сессия барысында өзге де маңызды мәселелер қаралып, қала әкімдігіне қарасты тиісті комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді. Депутаттар әрбір мәселе бойынша пікір алмасып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Отырыс қорытындысында күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер бірауыздан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.