Шомылу маусымындағы қауіпсіздік - басты назарда!!!!

Шомылу маусымындағы қауіпсіздік - басты назарда!!!!

      Бүгін қалалық мәслихат депутаттары шомылу маусымына дайындық барысымен танысу мақсатында қалалық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының жұмысын зерделеді. Олар мекеменің материалдық-техникалық базасын қарап, шомылу маусымы кезеңінде туындауы мүмкін қауіптер мен олардың алдын алу шараларын талқылады.                                                         Қаладағы жедел-құтқару жасағының қызметі жан-жақты таныстырылды. Қазіргі таңда құтқарушылар штаты толық жасақталған, құрамында 14 маман бар. Сонымен қатар, штаттағы медбике барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етіліп, төтенше жағдай кезінде жедел медициналық көмек көрсетуге әзір.                                                                                                                      Құтқару жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында материалдық-техникалық база едәуір нығайтылған. Атап айтқанда, жаңа үлгідегі гидрокостюмдер, эхолот аппараты және өзге де қажетті жабдықтармен толықтырылған. Сүңгуірлерді даярлау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, күнделікті рейдтік іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуда.             Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Қасқатаев шомылу маусымына дайындық барысы туралы баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.                                                                                                                                               Алдағы уақытта құтқару пунктін ашу жоспарлануда. Онда үш жұмыс орны қарастырылып, контейнер ішіндегі әрбір бөлме полиция, медицина және құтқару қызметкерлерінің кезекшілік етуіне лайықталып жабдықталады. Қазіргі таңда бұл орындарды қажетті жиһазбен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда.                                                                                                                                  Депутаттар жағажайдағы құтқару пунктінің жұмысымен танысып, оны белгіленген мерзімде іске қосу және қызметкерлер құрамын нақтылау қажеттігін атап өтті.                                                         Жағалау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында депутаттар жағажай аумағында жүзу аймағын нақты айқындайтын буйларды орнатуды ұсынды. Сонымен қатар, шомылушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін дабыл жүйесін (сирена) қосу мәселесін қарастыру қажеттігі айтылды. Жиын барысында материалдық қолдау мен қаржыландыру мәселелері де назардан тыс қалмады. №1 жағажайды қосымша техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттілігі көтеріліп, осы мақсатта қосымша қаражат бөлу мәселесі талқыланды.