
Бүгін қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық мәслихат аппараты ұжымының демеушілігімен Балқаш емдеу сауықтыру кешенінде 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жасөспірімдер арасында ұлттық жекпе-жектен Приозерск қалалық мәслихатының белбеуіне арналған ауқымды турнир ұйымдастырылды. Маңызды спорттық шара ұлттық спортты дәріптеуге және жас буынның отансүйгіштік рухын нығайтуға бағытталды. Турнирдің ашылуы салтанатты түрде өтіп, оған Приозерск қалалық мәслихатының депутаттары сөз сөйледі. Депутаттар жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жас спортшыларға жеңіс, табандылық және сәттілік тіледі.
Жарысқа 80-ге жуық жас спортшы қатысып, әр салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Белдесулер өте тартысты әрі әсерлі өтті. Жас спортшылардың қайсарлығы, техникалық дайындығы мен жеңіске деген жігері көрермендерді тәнті етті. Турнир барысында спорттық рух пен әділ бәсеке айқын сезілді. Турнирге қатысушыларды қолдау үшін ата-аналар мен жанкүйерлер көптеп жиналып, жас спортшыларға ерекше қолдау көрсетті. Бұл олардың рухын көтеріп, белдесулерге жігер қосты. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға арнайы медальдар табысталды. Ал ең үздік спортшылар Приозерск қалалық мәслихатының чемпиондық белбеуіне ие болды.