Қалалық мәслихаттың кезек тыс XXXIV сессиясы өтті

Қалалық мәслихаттың кезек тыс XXXIV сессиясы өтті

VIII шақырылған қалалық мәслихаттың кезек тыс XXXIV сессиясы өтті. Сессияға мемлекеттік мекемелердің басшылары, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде алдымен 2025–2027 жылдарға арналған қалалық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ә.Шәмшатов бюджетті нақтылау қажеттілігін түсіндіріп, жоспарланған түзетулердің негізгі бағыттарына тоқталды. Келесі – Приозерск қаласы бойынша 2025–2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды тиімді пайдалану жоспарын бекіту мәселесі қарастырылды. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Алтаев жоспар жобасын таныстырып, жайылымдардың қазіргі жағдайына жүргізілген талдау нәтижелерін ұсынып, жайылым тапшылығын төмендету, инфрақұрылымды жақсарту және мал жаюға қолжетімділікті арттыруға бағытталған негізгі іс-шаралар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау және жергілікті бизнестің дамуына серпін беру мақсатында арнайы салық режимінің мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету мәселесі депутаттар назарына ұсынылды. Бұл бастама шағын және орта кәсіпкерліктің салықтық жүктемесін азайтуға, жаңа бизнес субъектілерінің ашылуына, сондай-ақ экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Талқылау барысында депутаттар аталған өзгерістің жергілікті кәсіпкерлер үшін тиімділігін атап өтіп, оның қаланың жалпы экономикалық дамуына оң әсер ететінін жеткізді. Сонымен бірге, ұсынылып отырған түзетулер бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастырып, инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Сессияның қорытындысы бойынша қалалық мәслихат депутаттары ұсынылған барлық мәселелерді бірауыздан мақұлдап, тиісті шешімдер қабылдады.