
2025 жылғы 27 қарашада VIII шақырылған Приозерск қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, қала прокуроры және мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.Күн тәртібіндегі мәселе – Әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына қатысты қала прокурорының наразылығы қаралды. Үлгілік қағидаларға сай жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар және өзіне-өзі күтім жасай алмайтын қарт азаматтар табысына қарамастан мұқтаждар қатарына жатады. Алайда қолданыстағы қағидада бұл санаттарға біржолғы әлеуметтік көмек беру үшін жан басына шаққандағы табысты есептеу талабы енгізілген. Бұл талаптың салдарынан 2024–2025 жылдары 14 жетім бала мен 26 күтімге мұқтаж азамат әлеуметтік көмек ала алмаған Қала прокуроры мұны жоғары тұрған Үлгілік қағидаларға және азаматтардың құқықтарына қайшы деп бағалап, артық талапты алып тастауды және көмектің мөлшерін 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ қағидаларды әзірлеу кезінде заң талаптарының толық ескерілмегені және жекелеген тармақтардың жоғары тұрған актілерге сәйкес келмейтіні атап өтілді. Қағидаларды әзірлеушілерге анықталған сәйкессіздіктерді жою үшін 10 күн ішінде түзету енгізу тапсырылды. Сонымен қатар 2025–2027 жылдарға арналған қалалық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы бюджетті нақтылау қажеттігін түсіндірді, Приозерск қаласы бойынша 2025–2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы мәселе қаралды. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы жайылымдардың жағдайын жақсарту, жетіспеушілікті жою және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жоспарды таныстырды, Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында арнайы салық режимі мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету туралы ұсыныс та қаралды.
Әр түрлі мәселелер.
Қала әкімдігінің түрлі жұмыс комиссиялары қаралды. Отырыста барлық мәселелер бойынша жан-жақты талқылаулар жүргізіліп, депутаттар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
Қорытындысында бірлескен тұрақты комиссия отырысы тиісті ұсынымдар беріп, Күн тәртібіндегі Приозерск қалалық прокуратурасының наразылығы туралы мәселені қоспағанда, барлық мәселелерді мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына ұсынды.