
Приозерск қалалық мәслихатының депутаттары қоғамдық кеңес өкілдерімен бірге Пушкин көшесі 5 және Жеңіс бульвары 28 мекенжайларында салынып жатқан балалар ойын алаңдарының құрылыс барысымен танысты. Пушкин көшесі 5 тұрғын үйінің алдында орналасқан ойын алаңында 324 шаршы метр жерге жасанды газон төселген. Бұл аумаққа 1 дана ойын комплексі, 1 дана әткеншек, 1 дана воркаут элементі және 3 дана бұрынғы ойын элементі қайта орнатылады. Алаң толық қоршалып, балалардың қауіпсіз және жайлы ойнауына жағдай жасалмақ. Ал Жеңіс бульвары 28 мекенжайындағы тұрғын үй ауласында орналасқан ойын алаңына жалпы көлемі 720 шаршы метрді құрайтын арнайы тартан жабындысы төселеді. Мұнда 2 дана ойын комплексі, 2 дана әткеншек, 1 дана воркаут, 1 дана карусель, 1 дана үйшік және 1 дана мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын элементі орнатылады. Құрылыс жұмыстарын «Қуаныш Строй» ЖШС Қарағанды қаласының мердігер мекемесі жүргізуде. Жоба аясында 6 жұмысшы мен 1 арнайы техника жұмылдырылған. Қалалық мәслихат депутаттары аталған құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын өз бақылауларында ұстайтындарын атап өтті.