Приозерск қалалық мәслихатының депутаттары Қоғамдық кеңес өкілдерімен бірге №15 өрт сөндіру бөліміне барып, қала аумағында өрттің алдын алу және оны сөндіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Приозерск қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Сағаттаев Дамир Нұрланұлы өрт сөндіру бөлімінің жазғы өрт қауіпі маусымына дайындығы туралы баяндады. Бөлімде қазіргі таңда 5 бірлік арнайы техника бар. Оның ішінде жақында ғана Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен пайдалануға берілген су сыйымдылығы 8 тонна болатын және «Rosenbauer» маркалы жоғары қысымды сорғымен жабдықталған заманауи «КАМАЗ» автокөлігі ерекше атап өтілді. Бұл техника өртке жедел әрекет ету және суды үлкен қысыммен жеткізу мүмкіндігімен ерекшеленеді, бұл өз кезегінде төтенше жағдай кезінде қауіптің алдын алуға үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ бөлімнің штаттық құрамы толық жасақталған. Қызметкерлер арнайы оқу-жаттығулардан өтіп, техникаларға қызмет көрсету және өрт сөндіру бойынша тұрақты дайындықта. Мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес өкілдері өрт сөндіру бөлімінің дайындығына оң бағасын беріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді.