
Бүгін, 2026 жылғы 20 ақпанда Д.М. Сакеновтың төрағалығымен Абай аудандық мәслихатының 46 кезектен тыс сессиясы өтті. Аудандық бюджетке ұсынылған өзгерістер туралы «Экономика және қаржы бөлімі» ММ басшысы Б.Р. Муталяпова баяндама жасады. Үздіксіз жылумен жабдықтауды қамтамасыз етуге, автомобиль жолдарын жөндеуге, Абай қаласы мен Топар кентінде қалдықтарды жоғары температуралы термиялық жою (жағу) үшін мамандандырылған қондырғы сатып алуға, ақыл-есі кем балаларға арналған спорт секциясын ашуға және басқа да бірқатар маңызды әлеуметтік мәселелерге қаражатты бөлу қажет. Депутаттар аудандық бюджет комиссиясының ұсыныстарын қолдап, аудан бюджетіндегі өзгерістерге қатысты шешім қабылдады. Сессияда автотұрақтарға (паркингтерге) бөлінген Абай ауданының жерлеріне салықтың базалық ставкалары бекітіліп, олардың мөлшері туралы Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Д.А. Абенов баяндады. Мәслихат депутаттары аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының, ауданның жер комиссиясының құрамына өзгерістер енгізді. Барлық қаралған мәселелер бойынша мәслихат шешімдері қабылданды. Сессияның жұмысына аудан әкімінің орынбасары Е.С.Аскаров, мемлекеттік мекемелердің басшылары, Абай қаласының, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері, «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының төрағасы қатысты.