
Бүгін аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында депутаттар екі мәселені қарады: Федоров ауданы нысандарындағы көрнекі ақпаратта «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның сақталуы және жергілікті атқарушы органдардың халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жұмысы.
Бірінші мәселе бойынша «Федоров ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы А.Т. Салпенова баяндама жасады.
Оның айтуынша, 2025 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын анықтау мақсатында сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратқа 35 нысан бойынша мониторинг жүргізілген. Сонымен қатар, 10 кәсіпкерлік субъектісіне мемлекеттік тілде мәзірді дұрыс рәсімдеу бойынша әдістемелік көмек көрсетілді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Банновка, Пешковка, Федоровка және Придорожный ауылдарындағы нысандарға кез келген тілден қазақ тіліне аударуға мүмкіндік беретін арнайы QR-кодтар орналастырылды. Барлығы 20 нысан қамтылды. Көрнекі ақпарат саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау тұрақты түрде — тоқсанына бір рет жүргізіледі.
Баяндаманы тұрақты комиссияның төрайымы Е.А. Запорожану толықтырды. Ол аталған мәселені зерделеу аясында аудандық мәслихат депутаттары А.Т. Салпенова және Федоров ауданы тілдерді оқыту орталығының басшысы Е.Қ. Әжіханмен бірге Федоровка ауылындағы коммерциялық нысандардың көрнекі ақпаратын қарағанын хабарлады. Барлығы 14 сауда нысаны тексеріліп, оның 7-уінде тіл туралы заң талаптарының бұзушылықтары анықталды. Нысан иелері мен қызметкерлеріне көрнекі ақпаратты дұрыс рәсімдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Екінші мәселе бойынша «Федоров ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік қызмет көрсету сапасын ішкі бақылау, мониторинг және ақпараттық технологиялар қызметінің басшысы Г.Б. Умертаева баяндама жасады.
Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік органдары халыққа 48 мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның ішінде 2-уі ақылы, 46-сы тегін.
2025 жылдың 12 айында барлығы 11 991 қызмет көрсетілді: 103 қызмет — мемлекеттік органдарда тікелей, 184 қызмет — Мемлекеттік корпорация арқылы, 11 704 қызмет — электрондық форматта көрсетілген. Ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы, сәулет және құрылыс, жер қатынастары, сондай-ақ жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау салаларында көрсетілген.
2025 жылы ішкі бақылау қызметімен мемлекеттік қызмет көрсету саласында 4 талдау, сондай-ақ 3 жоспарлы және 6 жоспардан тыс бақылау іс-шаралары жүргізілді.
Отырыс қорытындысы бойынша әлеуметтік даму және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия ұсынылған ақпараттарды назарға алып, тиісті қаулылар қабылдады.