Ауданның дамуына бағытталған шешімдер

Ауданның дамуына бағытталған шешімдер

Ауданның дамуына бағытталған шешімдер

2026 жылғы 17 ақпанда сегізінші шақырылымдағы Егіндікөл аудандық мәслихатының кезектен тыс 37-сессиясы өтті.

Отырыс барысында депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, басқару жүйесін жетілдіруге және алқалы органдардың қызметіне қатысты бірқатар маңызды мәселелерді қарады.

Алғашқы мәселе ретінде сессияның күн тәртібі бекітілді.

2025 жылғы 19 желтоқсандағы № 8С35-2 «2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудандық мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Баяндама жасаған «Егіндікөл ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Светлана Васильевна Придан бюджетке енгізілген түзетулердің қаржыландыру басымдықтарын нақтылауға және мемлекеттік бағдарламалардың тұрақты іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ депутаттар қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету жөніндегі комиссияның 2025 жылға арналған қызметі туралы есебін тыңдады. Ақпаратты Егіндікөл ауданы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Әбіш Қайыргелді Қырықбайұлы ұсынды. Азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл бағытында атқарылған жұмыстар атап өтілді.

Сонымен қатар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының және ауданның учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлау және өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, 2022 жылғы 24 наурыздағы № 7С18-5 мәслихат шешіміне, яғни қылмыстық жазаларды орындайтын мекемелер қызметіне жәрдемдесу жөніндегі комиссияның дербес құрамына қатысты өзгерістер енгізілді.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.