Елді мекендердің тазалығы басты назарда

Елді мекендердің тазалығы басты назарда

Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясы отырысында «Целиноград ауданының елді мекендерін санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі жұмыстарды жүргізу барысы туралы» мәселені қарауға дайындауға байланысты Целиноград ауданының елді мекендерінің санитарлық тазалығы және көгалдандыру жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін депутаттар жұмыс сапарымен Ақмол, Қараөткел, Арайлы, Қабанбай батыр ауылдық округтерін аралап шықты. Округтердегі әлеуметтік орындардың құрылысы, абаттандыру ережелері, санитарлық жағдайы, қоқыс жинауды ұйымдастыру және елді мекен аумағында тазалықты қамтамасыз етуі назарда болды. Қоқыс төгетін орынның талапқа сай екендігі, қоршалуы, бүгінгі жағдайы назардан тыс қалмады. Санитарлық тазалық жағдайындағы ең өзекті мәселелердің бірі аудан аумағындағы елді мекендердің тазалығы, ауылдық жерлердегі тұрмыстық қалдықтар, шығарылған мал көңі, көшелердің абаттандырылуы, жол бойындағы қаулап өсіп тұрған арам шөптердің уақытылы шабылуы т.б. мәселелер ауылдың көркіне тікелей әсер ететіні белгілі. Бұл тұрғындардың мәдениеттілігіне де, өз аулаларындағы сенбілік жүргізу белсенділігіне де байланысты. Полиэтилен пакеттер мен пластикалық қалдықтардан жасалатын тауарлардың табиғатқа зияндылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлемдік зерттеу қорытындысына көз жүгіртсек, пластикалық негізде өндірілген тауарлар 50-100 жылдың арасында, пластикалық құтылар және қаңылтыр банка 50, балық қармағының жібі 600 жылда жойылады екен. Санитарлық тазалықты сақтау ережелерінің орындалуының басты мақсаты да ауылдар мен елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұмысын күшейту, қоршаған ортаны қорғауға ат салысу, санитарлық тазалықты сақтау, ауылды көріктендіру мен көркейту екендігі сөзсіз.