2026 жылғы 24 сәуір күні Целиноград аудандық маслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы және кезектен тыс сессиясы өтті.
Депутаттардың қарауына 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттерге өзгерістер енгізуге қатысты бірқатар мәселелер ұсынылды. Атап айтқанда, аудандық бюджетке, сондай-ақ Ақмол, Арайлы, Жаңесіл, Жарлыкөл, Қараөткел, Нұресіл, Софиевка, Тасты ауылдық округтерінің және Қоянды мен Мәншүк Мәметова ауылдарының бюджеттеріне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Барлық мәселелер бойынша ауданның экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Беркеева Анара Серікбайқызы ақпарат берді.
Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Қуандық Аппасовтың «Аудандағы қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жағдайы туралы» есебі тыңдалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде аудан аумағындағы жедел жағдайдың жалпы тұрақты екені атап өтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 12 пайызға төмендеп, 417-ден 367-ге дейін азайған. Сонымен қатар ауыр және орташа ауырлықтағы қылмыстардың, ұрлық, пәтер ұрлығы, автокөлік ұрлау, қоғамдық орындарда және алкогольдік масаң күйде жасалған құқық бұзушылықтардың төмендеуі байқалады.
Құқық қорғау органдары тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қайталама қылмыстың жолын кесу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттарына ерекше көңіл бөлінуде.
Жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтардың, заңсыз көші-қонның және есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алу бойынша жұмыстар атқарылуда.
2026 жылдың 1-тоқсаны қорытындысы бойынша да қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалады. Дегенмен, жекелеген қылмыс түрлерінің, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ бұрын сотталған тұлғалар мен алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстардың өсу фактілері өзекті мәселелер қатарында қалып отыр.
Сондай-ақ отырыста халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселелері қаралды. Целиноград ауданының Мансап орталығының директоры Мейіргүл Абубакирова баяндамамен сөз сөйледі. Ол ауданда мемлекеттік гранттар беру арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті. Гранттар қайтарымсыз негізде беріліп, кәсіпкерлік қызметті бастауға қажетті құрал-жабдықтар мен ресурстарды сатып алуға бағытталады.
Бұдан бөлек, жекелеген санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында жұмыс орындарына квота белгілеу тетігі іске асырылуда. Квота шеңберінде мүгедектігі бар адамдар, пробация есебінде тұрған азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар жұмыспен қамтылуда. Жергілікті атқарушы органдар ұйымдарда мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының 2-4 пайызы көлемінде квота белгілейді.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және жұмыспен қамту салаларындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсынымдар беріп, олардың орындалуын ерекше бақылауға алды.