
2026 жылғы 16 сәуірде аудандық мәслихатының кезектен тыс 65-сессиясы өтті.
Сессия барысында депутаттар әлеуметтік саясатты жетілдіруге және аудан әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмысын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар өзекті мәселелерді қарады.
Атап айтқанда, әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы бұрын қабылданған шешімге өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Бұл өзгерістер әлеуметтік көмектің мөлшерін нақтылау мен көмекке мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындауды қамтиды. Аталған мәселе бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Динара Умарова баяндама жасады.
Сонымен қатар, депутаттар аудан әкімдігі жанындағы бірнеше комиссиялар мен кеңестердің дербес құрамын бекітті. Атап айтқанда:
қылмыстық жазаларды орындайтын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу және жазасын өтеп шыққан адамдарға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі комиссия;
қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі комиссия;
кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия;
Қоғамдық келісім кеңесі;
Билер кеңесі;
Ақсақалдар кеңесі.
Бұдан бөлек, Қоғамдық келісім кеңесінің бұрынғы құрамын бекіту туралы шешімнің күші жойылды деп тану туралы шешім қабылданды.
Күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша аудан әкімі аппаратының өкілдері, оның ішінде ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Байдильдина мен мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Шолпан Шахметова баяндама жасады.
Сессия қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік саласын дамытуға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған тиісті шешімдер қабылданды.