Сүлейменов Алибек Жұматайұлының төрағалығымен ағымдағы жылдың 10 ақпанында Целиноград ауданы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті, күн тәртібіне келесі мәселелер енді:
1. Аудан аумағында үй және қараусыз қалған иттерді ұстауды бақылау жүйесін іске асыру туралы (санының мониторингі, тіркеу, зарарсыздандыру, ережелер мен әкімшілік шаралардың орындалуы).
2. Ауданның су тасқыны кезеңіне дайындығы және гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйі туралы есепті тыңдау.
3. Целиноград ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының 2025 жылға арналған бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдер жоспарын орындау, салықтық әкімшілендіруді жақсарту және аудан бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру бойынша жүргізетін жұмысы туралы.
Отырыс жұмысына аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары, ауылдар және ауылдық округ әкімдері, облыстық құрылым өкілдері қатысты.
Отырыстың басында Целиноград аудандық мәслихатының төрағасы Лязат Қонарбаева Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының жобасына кіріспе сөз сөйледі. Өз сөзінде ол алдағы өзгерістердің демократиялық институттарды нығайту мен елдің орнықты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша Целиноград ауданы ветеринарлық станциясының басшысы Токенов Өмірбек Бейсенғалиұлы, Целиноград ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әнәпиянов Ерболат Битұрсынұлы заңнамадағы өзгерістер, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді. Баяндамашылар аталған бағытта бюджет қаражаты бөлінгенін, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілетінін және тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын хабарлады.
Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша ауданның су тасқыны кезеңіне дайындығы, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйі талқыланды. Ақпаратпен Целиноград ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Қожабаев Құрман Қайратұлы сөз сөйледі. 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында аудан әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар аймақтарға талдау жүргізді. Су тасқынының негізгі себептері айқындалып, гидрометеорологиялық болжамдар ескерілді. Жедел әрекет ету үшін азаматтық қорғау күштері қалыптастырылып, инертті материалдар, жанар-жағармай, қаптар қоры дайындалды және уақытша орналастыру пункттері әзірленді. Бірқатар елді мекендерде қар шығару жұмыстары ұйымдастырылып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ су сору техникасы мен мотопомпалар жаңартылып, толықтырылды. Целиноград ауданы аумағында 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі жоспарланған барлық іс-шаралар толық көлемде орындалды.
«Целиноград ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының 2025 жылға арналған бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдер жоспарын орындау, салықтық әкімшілендіруді жақсарту және аудан бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру бойынша жүргізетін жұмысы туралы» мәселе бойынша Целиноград ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахымғалиев Джанибек Рымтайұлын тыңдады. 2025 жылы Мемлекеттік кірістер басқармасы салықтар мен салыққа жатпайтын түсімдерді уақтылы жинау бойынша кешенді жұмыс жүргізгенін, бұл бюджеттің тұрақты орындалуына ықпал еткенін атап өтті. Сондай-ақ салық әкімшілігін жетілдіру және салық төлеушілермен жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қаралды. 2026 жылға бюджет кіріс бөлігін күшейту және ұйымдар мен халықпен өзара әрекеттестікті жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарланған.
Бұдан әрі Қоғамдық кеңестің құрамы бойынша мәселе қаралды. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі негізінде Сабикенова Бибігүл Алпысбайқызы қайта қалпына келтіріліп, Целиноград ауданының Қоғамдық кеңесінің құрамына енгізілді.
Күн тәртібіндегі қаралатын мәселелер бойынша ұсынымдық сипаттағы шешімдер қабылданатын болады.