
3 қараша күні Целиноград аудандық мәслихаттың кезектен тыс елу екінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына әкімдіктің, мемлекеттік мекемелердің және аумақтық сайлау комиссиясының, аудандық газеттер редакциясының өкілдері қатысты.
Сессияға дейін мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында күн тәртібіне енгізілген мәселелер жан-жақты талқыланды.
Сессияның күн тәртібіне келесі мәселелер енді:
1. Целиноград аудандық мәслихатының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 271/35-8 «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
Бұл мәселе бойынша экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Анара Серікбайқызы Беркеева баяндама жасап, ауданды дамытудың басым бағыттары бойынша қаражатты қайта бөлу қажеттілігіне байланысты бюджет параметрлерін нақтылау туралы ақпарат берді.
2. Целиноград ауданы бойынша 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану Жоспарын бекіту туралы.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әбуов Омар Сейтсұлтанұлы баяндама жасады. Аталған жоспарды іске асыру жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға, олардың өнімділігін сақтауға және мал шаруашылығы саласының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Кезектен тыс сессия барысында аудандық мәслихаттың жаңадан сайланған депутаты таныстырылды. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсел Айткужина 2025 жылғы 26 қазанда өткен Целиноград аудандық мәслихаты депутатының сайлау нәтижелері туралы хабарлады. Бұл сайлау № 3 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша өкілеттігі тоқтатылған депутаттың орнына өткізілді.
Сайлау қорытындысы бойынша Борщин Бауыржан Темірболатұлы, 1986 жылы туған, «Астана Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының аға шебері, Ақмола облысы Целиноград ауданының Оразақ ауылының тұрғыны, № 3 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша Целиноград аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.
2025 жылғы 29 қазандағы шешіміне сәйкес Целиноград аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Борщин Бауыржан Темірболатұлын Целиноград аудандық мәслихатының депутаты ретінде тіркеді.
Сессия барысында жаңадан сайланған депутатқа қызметтік куәлік пен төсбелгі табыс етілді.
Сессия қорытындысы бойынша депутаттар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.