ЖОЛДАУ ЖАҢА БАСТАМАЛАРҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында еліміздің алдағы кезеңдегі стратегиялық даму бағытын айқындап берді.
Бұл құжат билік органдары, бизнес және қоғам үшін маңызды бағдар болып, экономиканың орнықты өсуіне және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған негізгі басымдықтарды белгілейді.
Экономикалық даму және инвестициялар.
Басты міндет – макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және инфляцияны төмендету. Инвестициялық саясат жаңғыртылып, инвесторларды сүйемелдеу үшін «бір терезе» қағидаты енгізіледі, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар дамытылады, икемді салық-кеден саясаты қалыптастырылады. Алдыңғы қатарға машина жасау, жасыл энергетика, биотехнология, агроөңдеу сияқты жоғары технологиялық салаларды дамыту және шағын және орта бизнесті қолдау қойылады.
Аграрлық сектор және азық-түлік қауіпсіздігі.
Ауыл шаруашылығы стратегиялық сала ретінде айқындалды. Негізгі мақсат – ішкі нарықты отандық өніммен толық қамту, импортқа тәуелділікті азайту, қайта өңдеуді кеңейту және экспорттық әлеуетті арттыру. Бұл үшін заманауи агротехнологияларды енгізу, фермерлік шаруашылықтар мен кооперацияны дамыту, ауыл инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту көзделеді.
Әлеуметтік сала.
Білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыруға, әлеуметтік осал топтарды, жастарды және көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше назар аударылды. Президент әділ еңбекақы жүйесін қалыптастырудың және азаматтардың табысын өсірудің маңыздылығын атап өтті.
Цифрландыру және инновациялар.
Жолдауда цифрлық трансформацияның рөлі айрықша. Мемлекет басшысы Жасанды интеллект министрлігін құруды және Цифрлық кодексті қабылдауды ұсынды. Цифрландыру мемлекеттік басқарудан бастап, білім, денсаулық сақтау, бизнес және ТКШ-ға дейін барлық саланы қамтитын болады. Басты міндет – отандық IT-компанияларды дамыту және білікті кадрларды даярлау.
Экология және инфрақұрылым.
Су ресурстары тапшылығы ең өзекті мәселе ретінде атап өтілді. Оны шешу үшін жаңа экологиялық стандарттарға көшу, жылу, электр және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту көзделеді. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану экономикалық стратегияның ажырамас бөлігіне айналады.
Президент Жолдауы – бүкіл ел үшін нақты «Жол картасы». Онда белгіленген міндеттерді орындау мемлекет, бизнес және қоғам күш-жігерінің бірлігін талап етеді.
Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттырып, өскелең ұрпаққа жарқын болашақ қалдыру.
Целиноград аудандық
мәслихатының төрағасы Л. Қонарбаева