
2025 жылғы 24 қарашада Бұланды аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Онда жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерін нақтылауға байланысты маңызды мәселелер қаралып, бекітілді.
Ауылдық округтер мен Макинск қаласының әкімдері бюджет қаражатын қайта бөлудің жалпы шығын көлеміне әсер етпейтін тұстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ кірістер мен шығыстардың ұлғаюы мен қысқаруына әсер еткен үнемдеу және өзге де қаржылық факторлар атап өтілді.
Сессияның басты мәселелерінің бірі — жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені төмендету болды. Бұл тақырып бойынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне байланысты, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А. Қабдулов баяндама жасады.
Сондай-ақ, ол «2026 жылға арналған Бұланды ауданында шетелдіктерден алынатын туристік алым мөлшерлемелерін бекіту туралы» мәселе бойынша баяндама ұсынды.
Тұрғын үй сертификаттары – Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында берілетін мемлекеттік қолдау нысаны болып табылады. Сертификаттың нақты мөлшерін белгілеу және алушылардың нысаналы санаттарын нақты айқындау аудан тұрғындарының әлеуметтік осал топтарына тиімді және мақсатты көмек көрсетуге мүмкіндік береді. «Бұланды ауданында тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» баяндамасымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің уақытша басшысы А. Канапиянова сөз сөйледі.
Сессия конструктивті түрде өтті, барлық ұсыныстар мұқият қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.