Тұрақты комиссияның отырысы

Тұрақты комиссияның отырысы

Бүгін Бұланды аудандық мәслихатында тұрақты комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе — 4-деңгейлі бюджеттерді нақтылау болды. Комиссия отырысында депутаттар ауылдық округтер мен Макинск қаласының әкімдерінің бюджет кіріс бөлігінің қазіргі көрсеткіштері, салықтар бойынша асыра орындалуы және жоспарланған шығыстардың бағыттары жөніндегі есептерін тыңдады. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар мен ескертпелер берілді.

Тұрақты комиссиялардың жұмыс жоспарына сәйкес, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Аблай Жақұпбековтің қарт адамдарды қолдау және мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған айлық қорытындысы бойынша баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде жүзеге асырылған іс-шаралар мен Бұланды ауданы ОЗжӘББ «Үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің жұмысы туралы депутаттарға ақпарат берді.

Депутаттар баяндамашыларға алғыстарын білдіріп, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдауға дайын екендерін жеткізді. Ауылдық округтер мен Макинск қаласының бюджеттерін нақтылау мәселелері алдағы аудандық мәслихат сессиясының қарауына ұсынылатын болады.