Аудандық мәслихат төрағасының 2025 жылғы атқарылған жұмыс туралы есебі

Аудандық мәслихат төрағасының 2025 жылғы атқарылған жұмыс туралы есебі

Құрметті Марат Луқпанұлы, депутаттар және сессияға қатысушылар!

 

       Бәйтерек ауданының мәслихаты Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңын және Бәйтерек ауданы мәслихатының регламентін басшылыққа алып жұмыстанады.             

       Штат бойынша 1 - төраға; 5 мемлекеттік және 4 техникалық қызметші барлығы 10 адам.                            

       Мәслихат депутаттарының саны - 13 адам,оның 9 - ерлер,4 - әйелдер. Орташа жасы - 42 жас.

       Бизнес, квазисектор өкілдері - 7; білім саласы - 3; мәдениет және спорт - 1; басқа салалардан - 2 адам.   10 депутат "Аманат" партиясынан, 1 депутат "Ақжол", 1 депутат "Ауыл", 1 депутат "Республика" партиясынан сайланған.  

       2024 жылғы 12 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы мәслихатының №2 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша бос орынға "AMANAT" партиясынан сайланған депутат Ерлан Муратович Кужумов тіркелді.

      2024 жылғы 25 желтоқсандағы 20 кезекті сессияда ауылды дамыту және аграрлық саясат, экология, табиғат пайдалану және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның құрамына Ерлан Муратович Кужумов енгізілді.

       Биыл Е. М. Кужумов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалында Орал қаласында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.           

        Мәслихатта 3 - тұрақты комиссиялар және 1 "Аманат" партиясының фракциясы жұмыс істейді.                             

       Мәслихат өз жұмысын жылға бекітілген жоспарына сай жүргізеді, жыл ішінде қажетінше өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

       2025 жылы Бәйтерек аудандық мәслихатының  3 кезекті және 5 кезектен тыс сессия өткізілді, 9 тұрақты комиссиялар отырыстары, фракция отырыстары өткізілді.                            

Барлығы 114 шешім қабылданды.

Оның ішінде нормативтік құқықтық сипаттағы шешімдер - 57 (аудан бюджетіне өзгерістер енгізу туралы – 5 және ауылдық округтер - 52).

- комиссиялардың дербес құрамдарын бекіту бойынша - 11 және басқа да мәселелер.

Сессияның күн тәртібінде негізінен жоспарланған мәселелер, барлық деңгейдегі әкімдердің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы, тұрақты комиссиялардың есептері, аудандық бөлімдер мен мекемелердің атқарылған жұмыстары туралы есептері, ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуы бойынша, аудандық бюджетті нақтылау, өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.

 Сессияға ұсынылған барлық мәселелер алдымен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында қаралып, егжей - тегжейлі талқылаудан соң сессияның күн тәртібіне шығарылады. 

Аудандық мәслихаттың барлық сессиялары Facebook әлеуметтік желісінде онлайн көрсетілуде.

Сессияның өтетін күні туралы "Бәйтерек аудандық мәслихаты" интернет-порталы және Facebook әлеуметтік желісі арқылы алдын ала хабарланады.

Онлайн-трансляцияны енгізу - мәслихаттар қызметінің ашықтығына, сондай-ақ жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша қабылданған шешімдерге азаматтардың сенімін арттыруға әкелгенін атап өткен жөн.

Аудандық мәслихаттың барлық шешімдері мәслихаттың интернет-порталында жарияланды.

Аудан бюджеті 2025 жылға - 8,9 млрд.теңге болып бекітілген болса, жыл ішінде - 11,5 млрд. теңгеге дейін түзетілді.

Республикалық және облыстық бюджеттерден түскен трансферттер 4,4 млрд. теңгені құрады.

2025 жылғы 3-4 сәуірде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысына қатысып, мәслихат жұмысын жетілдіру бойынша ой пікірлерімді ортаға салдым. 

Ауданымызда кәсіпкерлік түрлерін дамыту,ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, өңдеу саласына жаңа технологияларды енгізуге ықпал ету мақсатында  17 - 20 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Циндао қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) елдерінің халықаралық инвестициялық және сауда көрмесіне қатыстым.

       Аудандық мәслихат депутаттарының өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болып, сайлауалды бағдарламалардың іс жүзінде атқарылуын қамтамасыз ету мақсатында бекітілген кесте бойынша, 2025 жылдың 13 - 22 қаңтары аралығында депутаттар 22 ауылдық округтерге барып тұрғындармен  кездесулер өткізіп, әрбір депутат өздерінің жыл ішіндегі атқарылған жұмыстары туралы өз сайлаушыларының алдында есеп берді, сұрақтарға жауаптар берілді.

Бұл кездесулерге ауылдық округтің барлық тұрғындары ауыл активі, аудандық бөлімдер мен мекемелер басшылары шақырылып, қатысып отырды.  

Одан соң, 2025 жылғы 28 қаңтар мен 3 ақпан аралығында депутаттар өздері сайланған округтердегі шағын елді мекендерге (бөлімшелер) барып, сайлаушылармен кездесулер өткізді атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп,алда тұрған міндеттер мен жоспарларын бөлісті.

Бұл кездесулерде ауданның барлық 68 елді мекендеріндегі күрделі мәселер жинақталып, оларды шешу жолдарын қарастыру және орындау бойынша тиісті жауапты тұлғалар мен мекеме басшыларына нақты ұсыныстар берілді. 

Жалпы алғанда әрбір депутат аудан әкімдігімен, жауапты мекемелермен тығыз байланыста, өздері сайланған округтегі мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға сайлаушылардың аманатын жеткізіп, олардың іске асырылуына табанды түрде жұмыстануда. 

Депутаттар аудан көлеміндегі барлық іс шараларға тікелей араласуда, әрбір елді мекендегі әлеуметтік тұрмыстық жағдайды жақсартуға, инфрақұрылымдар мен  әлеуметтік нысандардың құрылысына, кәсіпкерлікті қолдап дамытуға, қоғамдық тәртіптің сақталуын, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша, саяси - қоғамдық, мәдени көпшілік шараларына қатынасып, белсенді түрде жұмыстанып келеді. 

"Ауыл аманаты", "Қаладан ауылға" жобалары бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда мәслихат депутаттарының ықпалы зор. 

Мәслихаттағы тұрақты комиссиялар мен фракция мүшелерінен әр түрлі деңгейдегі мекемелер мен жауапты тұлғаларға 16 депутаттық сауал жолданды.

 Депутаттардың ұсыныстары негізінде елді мекендерде спорттық алаңдар, денсаулық сақтау нысандары, " Жайлы мектеп" құрылыстары қарқынды жүруде. 

Сонымен бірге ауылдарға кіре беріс жолдарды жөндеу, газдандыру, интернет, ұялы байланыс сапасын жақсарту, сапалы ауыз сумен қамту, электр желілері мен транформаторларды ауыстырып, тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу үнемі депутаттар назарында. 

Пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекетке қайтару, жайылымдар мен шабындықтарды реттеу мәселелері де күн тәртібінен түскен емес. 

Жолаушылар тасымалы, такси қызметін реттеу мәселелері де үнемі назарда. 

Қорыта айтқанда, мәслихат депутаттарының, мәслихаттағы тұрақты комиссиялар мен депутаттық фракция мүшелері бірлескен түрде аудан өміріндегі барлық саланы қамти жұмыстануда.

 Бұл бағытта жұмыстар жалғаса беретін болады.         

     Назарларыңызға рахмет!