Аудан әкімдігінің мәжіліс залында мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаевтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс XLІХ сессиясы өтті.
Сессияға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, аудандық мәслихаттың депутаттары, бөлім басшылары қатысты.
Онда күн тәртібі мен регламенті бірауыздан бекітілген соң, Сарыкемер ауылдық округі, Сарыкемер ауылындағы атауы жоқ көшеге Ұлы Отан соғысы ардагері Сауытбек Рыспаевтың есімін беру бойынша ұсыныс енгізу туралы аудан әкімдігі тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов баяндама жасады.
Аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссия отырысында сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселе алдын ала талқыланғандықтан, жиналыс барысында депутаттар тарапынан ұсыныстар айтылмады.
Жиын соңында аталған мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданған соң, аудандық мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес кезекті сессияның қарауына ұсынылатын мәселелер таныстырылды.