Аудандық мәслихаттың кезекті ХLVIII сессиясы өткізілді

Аудандық мәслихаттың кезекті ХLVIII сессиясы өткізілді

МӘСЛИХАТ ТЫНЫСЫ:

Аудан әкімі өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есеп берді.

Ауданда өзекті мәселелер мен қолға алынған ілкім істер ауданның 3 жылдық даму картасында айқын көрініс тапқан. Осыған орай, алдағы уақытта аталған бағытта нақты әрі тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асатын болады.

Бұл туралы аудандық мәслихаттың кезекті ХLVIІI сессиясында мәслихат депутаттары алдында аудан әкімі өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есепті баяндамасында айтты.

Әкімдіктің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаевтың төрағалығымен өткен кезекті ХLVIІI сессиясының күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жайында мәслихат депутаттарының алдында баяндама оқып, ауданда атқарылған жұмыстар мен алда жүзеге асатын жобалардың барысын түсіндірді. Онда үстіміздегі жылдың екінші тоқсанының қорытындысымен ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқаны, сондай-ақ, жаңа әлеуметтік нысандарды құру, халықтың табысын арттыру, инвестициялар тарту бойынша стратегиялық басымдықтар атап өтілді.

Ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, тұрғын үй құрылысы, мектептерді, жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік салалар мен жастар саясатының аспектілері кеңінен қамтылды.

Сондай-ақ аудан басшысы бірнеше мәслихат депутатының қойған сұрақтарына атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстарды негізге ала отырып, жауаптар беріп, ұсыныстарын назарға алды. Анығын айтқанда, әр депутат өз округтеріне тиісті мәселелерін қозғап, аудан әкіміне тікелей сауал жолдады. Олардың қатарында Гүлбахрам Ермекова, Алмас Большебеков, Мырзағали Мадимаров, Нұржан Тлепов, Бекен Абитаев, Елнұрбек Ермеков сынды халық қалаулылары болды. Мәселен, бірі Сарыкемер ауылындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысы қай уақытқа жоспарланғанын айтса, енді бірі жаңадан соғылған тұрғын үйлердің кәріз жүйесі, ауыл шаруашылығына инвестиция тартуды сөз етті.

Аудан әкімінің есебі мәслихат депутаттарымен мақұлданып, назарға алынды.