МӘСЛИХАТ ТЫНЫСЫ:
Аудандық мәслихаттың кезекті ХLV сессиясында
Әкімдіктің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті ХLV сессиясы өткізіліп, оның күн тәртібіне 11 мәселе шығарылды.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаевтың төрағалығымен өткен сессияға аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев, мәслихат аппараты мен депутаттар, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен Байзақ ауданының екі ауылдық округіне қарайтын Қызыл жұлдыз, Талас елді мекендері мен Талас стансасының Тараз қаласына қосылуына байланысты осы округтерден сайланған аудандық мәслихаттың депутаттары Тамара Ешеева мен Жеңіс Нұрбаевқа құрмет көрсетілді.
Сессияның күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң, ондағы маңызды мәселелер ретімен қаралды. Атап айтқанда, ауданның 2024 жылға арналған бюджетінің орындалуы, ауыл шаруашылық кешенін дамытудағы өзекті мәселелер және аудан тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтерудің негізін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар, «Экология, табиғатты пайдалану, денсаулық, жанұя мен әйелдер ісі, мүгедектер және тұрғындардың тұрмысы төмен бөлігін әлеуметтік қорғау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясының атқарған жұмыстары, Байзақ аудандық жер комиссиясын құру, аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 26 наурыздағы № 42-10 шешіміне, 2023 жылғы 30 наурыздағы № 1-4 шешіміне, 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №40 – 2 шешіміне, 2018 жылғы 27 маусымдағы № 31-11 шешіміне өзгерістер енгізу, Бурыл, Мырзатай, Түймекент ауылдық округтеріне қарасты бірқатар құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау бойынша ұсыныс енгізу, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақы белгілеу туралы мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, №3 сайлау округінен депутат Ерлан Рыскелдіұлы, аудан әкімдігінің жер қатынастар бөлімінің бас маманы Тимур Өскенбаев, аудандық ветеринариялық қызмет мемлекеттік кәсіпорнының директоры Еркінбек Оразов жарыссөзге шығып, өз салалары бойынша баяндама жасады. Сессияның күн тәртібіндегі мәселелер алдын ала аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында жан-жақты талқыланғандықтан қосымша сұрақтар қойылмады.
Жиын соңында аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданған соң, аудандық мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес кезекті сессияның қарауына ұсынылатын мәселелер таныстырылды.