Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиевтің төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті ХІІ сессия отырысында 2023 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы және облыстың салық-бюджет саясатының, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарының іске асырылуы мәселесі тыңдалды.
Сессия жұмысына Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, қоғамдық кеңес және ардагерлер кеңесінің төрағасы, қала, аудандық мәслихат төрағалары мен облыстық басқарма басшылары, бейне селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.
2023 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы және облыстың салық-бюджет саясатының, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарының іске асырылуы туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев баяндады.
Баяндамаға сәйкес:
2023 жылдың жалпы өңірлік өнім көлемі – 14,3 трлн.тг құраған, бұл республиканың жалпы ішкі өнімінің 12,0%. 2023 жылы жалпы құны 23,6 млрд. тг болатын 3 инвестициялық жоба іске қосылған.
Бюджет қаражаты есебінен 2023 жылы өңірдің әлеуетін арттыру бағытында бірқатар жобалар іске асырылып, біраз іс-шаралар атқарылды.
Атап айтқанда:
Жол құрылысы бойынша 277 шақырым «Атырау-Астрахань» жолының 252 шақырымы пайдалануға берілді және 2024 жылы жоба толықтай аяқталады. Бұдан бөлек, 2023 жылы 35 елді мекенде 224,3 шақырым автомобиль жолдары жөнделді.
Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жоба -175 шақырым «Астрахань-Манғышлақ» магистралды су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде тұрғындар мен өндіріс орындарына су беру өнімділігі 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін артты.
8 елді мекенге 35,5 шақырым су желісі жүргізілді. 4 елді мекенге газ тартылды: Исатай ауданының Қызыл үй, Жасқайрат ауылдары, Атырау қаласының Береке ауылы, Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылдық округіне қарасты №377 бекет.
Ағымдағы жылы 6 елді мекен газбен қамтылатын болады:Қызылқоға ауданының Тасқұдық, Саркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай ауылдары.
«Тухлая балка» булану алаңының (жұмыстар 2021ж басталды) қала теңгеріміндегі бөлігінде рекультивация жасалды. Атырау мұнай өңдеу зауыты теңгеріміндегі (860 гектар) бөлігін қалыпқа келтіру жұмыстары ағымдағы жылы аяқталатын болады. «Квадрат» булану алаңын тазартып, қалпына келтіру жұмыстары (2022ж басталған) жүргізілуде және 2025 жылы аяқталады.
Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Нұрбол Қонысов тексеру комиссиясының 2023 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырды.
Сондай-ақ 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау және Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған дамыту бағдарламасына толықтырулар енгізу, «Облыстың құрметті азаматы» атағын беру қағидасына өзгерістер енгізу, Атырау облысының 2024-2028 жылдарға арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бекіту мәселелері қаралды.
Күн тәртібіне енгізілген басқа да мәселелер түске дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің қатысуымен өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында жан-жақты қызу талқыланып, депутаттардың қолдауына ұсынылды.
Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағалары Абдолла Идреосв, Арман Хайруллин, Нұрлыбек Даралиев өз салалары бойынша қосымша баяндама жасады.
Сессия жұмысы тікелей эфирде ұсынылды, https://fb.watch/uSoJjwvVtk/ сілтеме арқылы бейнежазба арқылы толықтай таныса аласыздар.