
Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің жоспарлы отырысында «Атырау облысында агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы» мәселе қаралды.
Мәселені Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссиясы алдын ала зерделеп, тиісті ұсыныстар әзірледі.
Отырыста өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға кедергі келтіріп отырған бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.
Солардың бірі – су тапшылығы. Кейбір аудандарда суару суының жеткіліксіздігі байқалса, жекелеген аудандарда оның құнының жоғары болуы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қиындық туғызуда. Сонымен қатар бірқатар аудандарда жемшөп дайындауға қажетті шабындық жерлердің тапшылығы байқалады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін су ресурстарын тиімді пайдалану және суару жүйелерін жетілдіру мәселелерін шешу қажеттігі атап өтілді.
Келесі маңызды мәселе – электр энергиясы тарифтерінің жоғары болуы. Электр энергиясының қымбаттығы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнының өсуіне әсер етуде. Әсіресе суару, өнімді сақтау, қайта өңдеу және өндірістік процестерге жұмсалатын шығындар артып отыр. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін электр энергиясының қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін қарау ұсынылды.
Отырыста биыл ерекше алаңдаушылық туғызған қарақұрттардың жаппай таралуы мәселесі де көтерілді. Оның салдарынан ауыл шаруашылығы жануарларының қырылу фактілері тіркелуде. Осыған байланысты жедел әрі кешенді алдын алу шараларын қабылдау қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар сібір жарасы және басқа да аса қауіпті аурулардан өлген жануарлар көмілген орындардың жай-күйі назарға алынды. Аталған орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың есебін жүргізу және санитариялық-ветеринариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір маңызды мәселе – өндірілген өнімді өткізу.
Қазіргі таңда бірқатар фермерлер өз өнімдерін қаладағы тиімді сауда орындарында өткізу кезінде қиындықтарға тап болуда.
Осыған байланысты «Аграршыларға арналған 100 сауда орны» бағдарламасының іске асырылуы да талқыланды. Қоғамдық кеңеске фермерлер тарапынан сауда орындарын бөлу процесінің ашықтығына қатысты шағымдар түскені айтылды.
Осыған байланысты бағдарламаға тәуелсіз талдау жүргізіп, сауда орындарын бөлу тетіктерінің ашықтығы мен әділдігін бағалау, сондай-ақ ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау ұсынылды.
Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешеніндегі кадр тапшылығы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл мәселе шопандар, ветеринарлар мен механизаторлар сияқты жұмысшы мамандардың жетіспеушілігімен ғана шектелмейді. Ауыл шаруашылығы саласына жауапты мемлекеттік органдарда да штаттық бірліктердің жеткіліксіздігі байқалады.
Отырыста көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Аталған ұсыныстар Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің қарарына енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.