Атырау қаласында «Каспий маңындағы серіктестік: балық шаруашылығы мен акваөсірудің тұрақты дамуы» атты халықаралық форум өтті. Форумға Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев, сондай-ақ облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағалары Бақыт Каметов, Арман Хайруллин қатысты.
Каспий маңы мемлекеттерінің өкілдері, жетекші ғалымдар, халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық мүшелері бас қосқан форумда Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, су биоресурстарын тиімді пайдалану, балық шаруашылығы кешенін жаңғырту, акваөсіру саласын дамыту және саланың экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Форумның ашылуында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдің балық шаруашылығы саласындағы тарихи маңызына тоқталып, саланы әртараптандыру және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар туралы айтты. Сонымен қатар өңірде балық өсіру шаруашылықтарын дамытуға қолайлы жағдай жасау және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері көтерілді.
Іс-шара аясында балық өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылып, Атырау облысының балық шаруашылығы саласындағы әлеуеті таныстырылды. Көрмеге өңірдің кәсіпкерлері қатысып, балық өңдеу және тауарлы балық өндірісі бағытындағы өнімдерін ұсынды.
Форум бағдарламасы аясында спорттық балық аулау жарыстары, балық өнімдерінің жәрмеңкесі, «Каспийдің үздік тағамы» аспаздар байқауы, балық шаруашылығы кәсіпорындарына экскурсиялар, Жайық өзеніне балық шабақтарын жіберуге арналған экологиялық акциялар және мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Халықаралық форум Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және балық шаруашылығы мен акваөсіру саласының тұрақты дамуына бағытталған жаңа бастамаларды талқылауға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңына айналды.