Қоғамдық кеңесте 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы тыңдалды

Қоғамдық кеңесте 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы тыңдалды
 

Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында кеңес мүшелері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді қарастырды.Отырыстың негізгі күн тәртібінде 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылу барысы тыңдалды. Қоғамдық кеңес мүшелері бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылау жүргізу – кеңестің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

 

 Талқылау барысында бюджет қаражатын игеру процесін қатаң бақылау қажеттігі, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің мониторинг жұмыстарын күшейту, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың игерілмеген қаражаттың себептерін ашық түрде жариялауы жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, қаржының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі баса көрсетілді.

 

 Жиында сондай-ақ «Өңірде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру» мәселесі қаралды. Қоғамдық кеңестің әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі комиссиясы жүргізген зерделеу нәтижелері тыңдалып, бірқатар кемшіліктер анықталғаны айтылды.  Атап айтқанда, қоғамдық көліктерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындардың талапқа сай болмауы, инфрақұрылым нысандарындағы қолжетімділіктің жеткіліксіздігі, сондай-ақ бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің кейбір бөліктеріндегі техникалық ақаулар сияқты мәселелер көтерілді.

 

 Қоғамдық кеңес мүшелері бұл кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар енгізіп, оларды тиісті қарарға енгізу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде бақылауда ұстау қажеттігі айтылды. Отырыс қорытындысы бойынша көтерілген барлық ұсыныстар мен ескертулер хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.