
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік басқаруды цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын дамыту және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру мәселелеріне айрықша назар аударды.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Атырау өңірінің барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екінші легі «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект: мәслихат депутаттарына арналған практикалық семинар» атты үш күндік оқыту бағдарламасына қатысуда.
Семинар барысында депутаттар жасанды интеллект технологияларының негізгі қағидаттары, цифрлық экожүйенің мүмкіндіктері, кибергигиена талаптары, deepfake технологияларының тәуекелдері, депутаттық қызметте жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, сондай-ақ заманауи цифрлық коммуникация тәсілдері бойынша теориялық және практикалық білім алуда.
Аталған білім мен тәжірибе депутаттардың кәсіби құзыретін арттырып қана қоймай, уақыт ресурстарын тиімді пайдалануға, азаматтармен кері байланысты нығайтуға, ашықтық пен есептілікті күшейтуге және мәслихаттардың қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.