Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – басты міндет

Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – басты міндет
Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллин №4 сайлау округі сайлаушыларымен М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектепте кездесті. Кездесу еркін форматта, ашық әңгімелесу түрінде өтіп, тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салды.
 
Арман Хайруллин сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына тоқталды. Бағдарламаның негізгі бағыттары – қаланы көгалдандыру, әр аумақта саябақтар мен демалыс аймақтарын көбейту, қоқыспен күресу арқылы көшелердің тазалығын сақтау, бұқаралық спортты дамыту, яғни, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту.
 
Осы бағдарлама аясында нақты атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталып өтті. Балықшы ықшам ауданында көпір астында заманауи баскетбол алаңы ашылып, жастардың бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасалды. Қала аумағында қоқыс жәшіктеріне арналған эко-бокстар орнатылып, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған шаралар жүргізілуде.
 
Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен Абай сквері пайдалануға берілді. Бүгінгі күні жасыл желекпен көмкеріліп, тұрғындардың демалысына жайлы орынға айналды. Қаланың өзге аумақтарында да 2–3 жыл бұрын отырғызылған көшеттер бүгінде бой түзеп, кішігірім саябақтарға айналып, жасыл желекке оранған қоғамдық кеңістіктер қалыптасуда.  Жалпы атқарылып жатқан жұмыстар - сайлауалды бағдарлама аясында қаламыздың экологиялық және инфрақұрылымдық дамуына бағытталып отыр.
 
Кездесуге келген тұрғындар «Аққу» дүкені маңын абаттандыру, көппәтерлі тұрғын үйлер мәселесі, М.Ломоносов орта мектебі құрылысына қатысты ұсыныстары және М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп ғимаратының артқы бөлігіндегі жерді автотұрақ ретінде пайдалану үшін асфальт қиыршығын төсеуге көмектесу мәселелері көтерілді. Сондай-ақ тұрғындардың жеке сұрақтары бойынша жергілікті мекемедегі жауапты мамандармен сөйлесіп, нақты жауаптарын берді.