
Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында «Облыстағы ірі өнеркәсіп орындарында қоршаған ортаны қорғау шараларының орындалуы туралы» мәселе қаралды.
Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, басқарма және департамент басшылары, қала әкімдігі, Атырау мұнай өңдеу зауыты, KPI, NCOC компанияларының өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есенов баяндама жасады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі кәсіпорындардан 2,36 триллион теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Алайда, осындай орасан зор қаражат өндірілгеніне қарамастан, халық экологиялық жағдайдың жақсарғанын толық сезінбей отыр. Сонымен қатар, шығарындылар көлемінің жылдан жылға артып келе жатқаны тұрғындардың алаңдаушылығын туғызуда. NCOC компаниясы табиғатты қорғау шаралары аясында бірқатар жұмыстар атқарғанымен, көгалдандыру жұмыстарын 2030 жылға шегерген.
Атырау мұнай өңдеу зауыты бойынша рұқсатсыз факельдік шығарындылардың орын алуы, ондаған мың текше метр сарқынды судың заңсыз төгілуі, сондай-ақ газды нормативтік рұқсатсыз пештерде жағу фактілері халықтың елеулі алаңдаушылығын тудырып отыр.
KPI зауыты бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде кәсіпорында көгалдандыру жоспарының жасақталмағаны анықталды. Зауыт іске қосылғалы бері небәрі 200 көшет отырғызылған. Сонымен қатар, зауыт өкілдері факельдік жүйеден шығатын ластаушы заттардың құрамы туралы нақты мәлімет ұсына алмады. Аталған және өзге де мәселелер қоғамдық кеңестің Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және экология мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Ерлан Күмісқалиевтың қосымша баяндамасында да көтерілді.
Қоғамдық кеңес мүшелері айыппұл қаражатын қайта бағыттау, үздіксіз экологиялық мониторинг жүргізу, жүйелі ластаушыларға қатаң шаралар қолдану, сондай-ақ қоғамдық бақылауды ресми тетікке айналдыру бағытында ұсыныстарын білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Берікқали Сарсенғалиев тиісті ұсыныстарды жинақтап, оларды уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарға жолдау қажеттігін атап өтті.