Кезектен тыс ХХІ сессия отырысы өтті

Кезектен тыс ХХІ сессия отырысы өтті
Бүгін Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХІ сессия отырысы облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиевтің төрағалығымен өтті. Сессия жұмысына Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, аппарат басшысы міндетін атқарушы, облыстық басқарма басшылары қатысты.
Төраға Мұса Хайруллиев Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында жаңа Ата заңымыздың қабылданғанына тоқталып, жаңа Конституция жобасының ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысқан коалиция мүшелеріне, депутаттарға ризашылығын білдірді.
Сессия отырысында күн тәртібіне енгізілген Атырау облысының басқару схемасын бекіту, Терроризмге қарсы комиссия құрамына өзгерістер енгізу және Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасының Атырау облысында іске асырылуы туралы мәселелер қаралды.
Алдымен, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров Атырау облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілетін өзгерістер туралы баяндады.
Атырау өңірі экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз ету, инвестициялық белсенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында инвестиция көлемі шамамен 287,6 млрд теңгені құрайтын бірқатар ірі жобаларды басым жобалар тізбесіне енгізуді ұсынды. Аталған жобаларды іске асыру - өндірістің дамуына, экспорттық әлеуеттің артуына және 2,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов аймақтағы спорт саласында атқарылған жұмыстарды толық баяндап, өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық спорт көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.
Басқарма басшысының айтуынша,
Атырау облысында спорттың 81 түрі дамытылуда, оның ішінде 29 олимпиадалық, 41 олимпиадалық емес, 11 ұлттық, сондай-ақ техникалық және мүгедектер спорты.
Спорт саласын дамыту мақсатында Атырау қаласында халықаралық деңгейдегі бірнеше ірі спорт нысандарын салу жоспарланған:
1) ЕУРО-IV санатындағы 12 мың орындық стадион жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды;
-Ұлттық спорт кешені–ипподром құрылысының жобасы дайындалып, сараптамадан өтуде;
-Көп бейінді «Атырау-Арена» спорт кешенінің құрылысы үшін жер телімі бөлініп, жобалау жұмыстары жүргізілуде.
- спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі үшін заманауи спорт кешені құрылысы 6 жылдық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында басталады.
2) Спортты медициналық тұрғыдан қамту мақсатында ағымдағы жылы дәрігерлік–дене шынықтыру диспансерін ашу жұмыстары жүргізілуде;
3) Зияткерлік спорт түрлерін дамыту мақсатында арнайы Интеллектуалды шахмат мектебі ашылады.
Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиев баяндамашыларға депутаттар тарапынан берілген ұсыныс-пікірлерді ескеруді және ұсынылған жобалардың жүзеге асырылуын бақылауға алуды тапсырды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешім қабылданды.