Облыстық мәслихат төрағасы республикалық референдумда дауыс берді

Облыстық мәслихат төрағасы республикалық референдумда дауыс берді
🔹Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев жаңа Конституция бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда дауыс берді. Ол өз таңдауын Атырау қаласындағы Қ.Қайсенов атындағы №33 орта мектепте орналасқан №283 дауыс беру учаскесінде жасады.
 
Облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиев республикалық референдумның тарихи маңызына тоқталып, әрбір азаматтың дауыс беруі – ел болашағына бейжай қарамайтындығының белгісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай маңызды саяси науқан халықтың бірлігі мен азаматтық жауапкершілігін айқындайды.
 
«Бүгін – еліміз үшін маңызды тарихи күн. Қазақстанның жаңа Конституциясы жалпыұлттық референдумға шығарылып отыр. Референдумға қатысып, дауыс беру – әр азамат үшін өз құқығын жүзеге асырып, еліміздің болашағын айқындауға үлес қосатын үлкен мүмкіндік. Мен де отбасыммен келіп, ұрпағымыздың келешегі үшін өз таңдауымды жасадым. Әрбір дауыс – еліміздің дамуына қосылған үлес деп білемін. Атырау қаласының тұрғындары да белсенділік танытып, жауапкершілікпен дауыс беруде. Еліміздің іргесі бекем, бірлігіміз мығым, болашағымыз жарқын болсын!», – деді Мұса Хайруллиев.