Жастар мәслихатының депутаттарымен кездесті

Жастар мәслихатының депутаттарымен кездесті
Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев облыстық жастар мәслихаты екінші шақырылымының депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында жас депутаттардың алдағы кезеңге арналған жоспарлары пысықталып, ұсыныс-пікірлері талқыланды.
Төраға өңір жастары мен жергілікті өкілді орган арасындағы байланысты нығайту, жастардың мемлекеттік үдерістерге қатысу құқығын қамтамасыз ету мақсатында екі жыл бойы тығыз байланыста жұмыс жасап, зерделеу және талдау жұмыстарына белсенді қатысқан бірінші шақырылымдағы жастарға ризашылығын білдірді.
📌Жастармен әңгімелесу барысында Конституциялық комиссия мүшесі, Атырау облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиев елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформаларға, жаңа Конституция жобасының маңызына кеңінен тоқталды.
Конституциялық комиссия жұмысының ашық жүргізілгенін және әр өтініш пен ұсыныстың жіті назарға алынып, жаңа Ата Заңымыз кең ауқымды қоғамдық талқылау арқылы қалыптасқанын атап өтті.
Жалпы, Конституциялық реформа – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені терең жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы. Сондықтан ұсынылған жобада заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және орнықты даму бағдарына баса мән берілген.
Жаңа Конституция жобасының республикалық референдумға шығарылуы - еліміздің саяси жүйесін демократияландыру жолындағы маңызды қадам екені айтылды.
Жауапты кезеңде әр азаматтың ұлттық мүддені бәрінен биік қойып, ел тағдырына әсер ететін бастамаларға белсенді атсалысуы аса маңызды. Әсіресе жастардың белсенділігі – қоғам дамуының қозғаушы күші.
Осы ретте жастардың да Мемлекет басшысының саяси реформалары аясында жұмылып, жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумға белсенді қатысады деген сенім білдірілді.