Жаңа Конституция жобасын еңбек ұжымымен талқылады

Жаңа Конституция жобасын еңбек ұжымымен талқылады
 
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев Қарабатан учаскесіндегі өндірістік алаңда «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-нің еңбек ұжымымен «Күшті Конституция – күшті мемлекет» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.
✔️Жиын барысында Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев елімізде жүзеге асырылып жатырған ауқымды саяси реформаларға, жаңа Конституция жобасының маңызына тоқталды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысын, әр отырыста азаматтардан түскен ұсыныстардың ескеріліп, жетілдірілгенін айтты. Ол Мемлекеттік басшысының әділдік, заң және тәртіп қағидаттарына негізделген бастамалары ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтыныны атап өтті.
☑️Кездесуге «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Бейбіт Мырзағалиев, Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Берікқали Сәрсенғалиев, облыстық мәслихат депутаты, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің директоры Айжан Қарабаева, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, «Maximum» адвокаттық кеңсесінің құрылтайшысы Айдос Ибраймов қатысып, жетілдірілген Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, енгізілген түзетулер барысында баяндады.
Атап айтқанда, болашақ Ата заңның іргелі қағидаттарын айқындайтын Преамбуланың маңыздылығы, тұрғын үйге қол сұғылмаушылық кепілдігін күшейту және сот шешімінсіз тұрғын үйден шығаруға жол бермеу нормалары кеңінен айтылды. Сонымен қатар, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау, білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны қолдау мәселелері де сөз болды.
Спикерлер бір палаталы Құрылтайға көшу, оны қалыптастыру қағидаттары мен сайлау тәртібі, сондай-ақ жаңа Конституцияның күшіне ену тетіктері жөнінде пікір білдірді.
Ұсынылып отырған жобада Кіріспе, 11 бөлім және 96 бап бар. 77 бапқа түзету енгізілген, бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды. Жаңа Конституция жобасы адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталады. Жаңа Конституция жобасы жаңарған, сарапталған, сапалы дайындалған деуге толық негіз бар екендігі және адам құқықтарының кепілдіктері күшейтілетіні ерекше атап өтілді.
☑️Кездесу ашық диалог форматында өтіп, еңбек ұжымының атынан сөз алған Өндірісті басқару қызметінің жетекші инженері және Жас мамандар кеңесінің төрағасы Абылай Медеуов Конституцияның жаңартылуы қазіргі қоғамның негізгі құндылықтарын — заң мен тәртіпті, еңбек ету құқығын, білім алу және кәсіби даму мүмкіндіктерін айқындайтынын және алдағы референдумды қолдайтынын білдірді.