Бүгін Атырау облыстық мәслихатының Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов «Спорт саласының дамуы мен қолжетімділігі, бөлінген қаржының игерілуі туралы» баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, балалар және жоғары жетістіктер спорты, сондай-ақ саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыста спорттың 81 түрі дамуда. Оның ішінде 29-ы – олимпиадалық, 41-і – олимпиадалық емес, 11-і – ұлттық спорт түрлері. Сонымен қатар техникалық және мүгедектер спорты да дамып келеді.
Тұрғындардың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 62 пайыздан 71 пайызға дейін өсті. 2025 жылы спорттық нысандар саны 92-ге жетті. 11 спорт кешені пайдалануға берілді, оның ішінде 2-еуі – жекеменшік.
Биыл 22 спорт кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. 2018 жылдан бері сенімгерлік басқаруға берілген спорт нысандарына жүргізілген зерделеу нәтижесінде 4 нысан бойынша басқарудың тиімсіздігі анықталды. Атап айтқанда, хоккей клубы, футбол клубы, «Атырау» спорт кешені және «Мұнайшы» бассейні мемлекет меншігіне қайтарылып, басқару моделі бұқаралық спортты дамытуға бағытталды.
Отырыс барысында депутаттар Бағыт Шеркешбаева, Фатима Төлеева, Надежда Тулина қаржыландыру мәселелері, дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін іске қосу, өткен жылы сенімгерлік басқаруға берілген спорт ғимараттарын зерделеу нәтижелері, сондай-ақ нысандарды күтіп-ұстау мен спортшыларға жағдай жасау жұмыстары санитарлық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда тиімсіз басқарушыларға шара қолдану мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
Тұрақты комиссия төрағасы Нұрлыбек Даралиев облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына облыстық мәслихаттың 2024 жылғы 27 қыркүйектегі кезекті XII сессия шешімімен берілген ұсыныстар толық орындалғанын атап өтті. Сонымен қатар өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.