Атырау қаласы Мәслихатының төрағасы Бейбіт Мырзағалиевтың төрағалығымен өткізілген сессия отырысына Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Махуов Тілек, қалалық Мәслихат депутаттары, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қ.Абдалиев, қалалық дербес бөлімдер басшылары, ауылдық округтер әкімдері, қалалық емханалардың бас дәрігерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия өз жұмысын бастамас бұрын төраға Бейбіт Темірбекұлы жаңадан сайланған депутаттар - №12 сайлау округінен Есенғожин Бекзат Ғизатұлын, №18 сайлау округінен Избасов Нұрбек Максимұлын таныстырып, жауапкершілігі жоғары қоғамдық жұмыста сәтттілік тіледі.
Сонымен қатар, жаңадан қалыптастырылған қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Баженов Арман Сырымұлы да депутаттарға таныстырылды.
Сессия отырысында Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында талқыланып, ұсынылған мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына қосқан үлестері үшін азаматтарға «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағын беру; Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы, Атырау облыстық балалар және облыстық инфекциялық ауруханаларының атқарған жұмыстары туралы; «Қалаішілік автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдары, жол белгілері мен кедергілерінің қазіргі жәй-күйі және 2025 жылы атқарылатын жұмыстары туралы»; Атырау қаласы бойынша учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы; Мәслихаттың 2023 жылғы 30 наурыздағы №3 «VIII сайланған Атырау қаласы Мәслихатының тұрақты комиссиялары туралы» шешіміне өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» мәселелер талқыланды.
Сессия отырысында қалалық мәслихат депутаттары Қаршыға Джаумбаев , Айжан Сарсембаева, Бауыржан Әжғалиев, Аманбай Қыздарбаев, Мира Есниязова, Ануарбек Батаев, Азамат Мұханжанов, Рафик Сарсенов, Бекзат Есенғожин, Руслан Күміскалиев, Мейірбек Губашев, Юрий Ли, Өтеміс Жұмағалиев, Нұрбек Избасов бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді, яғни, жедел жәрдем стансасының материалдық-техникалық базасын нығайту, Атырау облыстық балалар және облыстық инфекциялық ауруханаларының жай-күйі, қалаішілік автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарын, жол кедергілері мен белгілерін жаңарту бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.
Өңірдің денсаулық саласын одан әрі жетілдіру бағытында медициналық мекемелер және медициналық қызмет сапасын бақылау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық сақтандыру, т.б. мәселелерге қатысты кеңейтілген мәжіліс өткізу жоспарланды.
Сессия соныңда күн тәртібіндегі барлық мәселелерге қатысты айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп шешімдер қабылданды.