Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысы

Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысы

2022 жылғы 21 шілде күні Амангелді аудандық мәслихатының білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес отырысы өтті. Комиссия отырысына мәслихат аппаратының басшысы С.Ш.Алшорин, «Амангелді ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысы А.Т.Ибраев, Амангелді аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ж.Р.Каканова, мәслихат депутаттары қатысты. Жиынға білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы К. Мұсабаева төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Аталған отырыстың күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Олар: «Амангелді ауданында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы туралы» және «Амангелді аудандық ауруханасының аудан халқының денсаулығын арттыру мақсатында 2021-2022 жылдарда атқарған жұмыстары туралы».

Комиссия отырысында «Амангелді ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысы Айтжан Тойкенұлы Ибраев атқарылған жұмыстары, алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Баяндаманы талқылау барысында депутаттар А.Таңатбаев, М. Досымов оңтүстік өнірлерден көшіп келуі, жастар тәжірибесіне жұмысқа жіберілген жастардың еңбек ақысы, аудан бойынша тапшы жас мамандарды жұмысқа тарту сияқты мәселелерді талқылап, оң шешімін табу жолдарын  қарастырды. Депутаттар тарапынан тағы да басқа мәселелер туралы ұсыныс пікірлер айтылды.

Екінші мәселе бойынша Амангелді аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жанар Рамазанқызы Каканова атқарылған жұмыстары, алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

Тұрақты комиссияның отырысында аудандық мәслихат депутаты А.Таңатбаев аудандық орталық аурухана ғимаратындағы судың тұрақты ағып тұруын қамтамасыз ету, науқастарды қабылдау ғимаратын талаптарға сай келтіру мәселесінің оң шешімін табу жолдарын қарастыру және жедел жәрдем көрсету станциясының аудан орталығы маңынан қайта ашылуы секілді мәселелерді көтерді. Депутаттар тарапынан тағы да басқа мәселелер туралы ұсыныс пікірлер айтылды.

Отырыс соңында Амангелді аудандық мәслихатының білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы тиісті қаулы қабылдады.