Съезд делегатымен кездесу

Съезд делегатымен кездесу

2022 жылдың 11-14 шілде аралығында  Ақмола облысының Зеренді ауылында «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс VI Съезі өтті.  Съездің пленарлық отырысына еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат қатысты. Біздің Қостанай облысынан 11 делегат,соның бірі жерлесіміз,аудандық мәслихат депутаты Айбек Таңатбаев қатысып келді. Соған байланысты, «AMANAT» партиясы Амангелді аудандық филиалының ұйымдастыруымен  Қ.Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінде съезд делегаты аудан жастарымен кездесу өткізді. Кездесуде Айбек Мырзағалиұлы съезде алған әсері мен алдағы міндеттер туралы ойларымен бөлісіп,жастардың сұрақтарына да жауап берді. Съезд делегатының айтуынша Пленарлық отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдады.
Онда Президент Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атап өтті. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.
Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді. Президент атап өткендей, еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек.
Президенттің айтуынша, білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді.
Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы  керек екенін айта келіп, Президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді.
Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы Мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіну керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті.