Аудандық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясы өтті

Аудандық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясы өтті

2026 жылғы 7 қыркүйекте Амангелді аудандық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Қанат Уәшұлы Кеделбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, бөлім басшылары, кәсіпорын, ұйым және мекеме жетекшілері, ауыл әкімдері қатысты. Сессияның күн тәртібіндегі басты мәселе – аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы жөніндегі есебі болды.

Аудан әкімі Қанат Уәшұлы Кеделбаев өз баяндамасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге кеңінен тоқталды.

Есеп барысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды жақсарту, жолдарды жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы жұмыстар туралы нақты мәліметтер ұсынылды.

Сонымен қатар аудан басшысы алдағы кезеңде жүзеге асырылатын міндеттерге тоқталып, ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету, халыққа қолайлы жағдай жасау және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін атап өтті.

Сессия барысында ауданның 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджетіне, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық округтердің бюджеттеріне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Бюджеттік өзгерістер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті бағыттарды қаржыландыруға және қаражатты тиімді пайдалануға бағытталды.

Бұдан бөлек, кейбір учаскелік сайлау комиссияларының шығып қалған мүшелерінің орнына жаңа мүшелерді сайлау, аудандық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою және мәслихат аппараты туралы ережеге өзгерістер енгізу мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Аудандық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясында қабылданған шешімдер ауданның алдағы дамуына, тұрғындардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін шешуге, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.