
Құрметті Амангелді ауданының тұрғындары және қонақтары!
Сіздерді алдағы 2026-шы Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Өткен 2025 жылы да біздің Амангелді ауданының халқы үшін, жақсы жылдардың бірі болды. Ел президенті“Жұмысшы мамандықтар жылы”,- деп аталған жыл,елімізде соның ішінде Амангелді ауданында да жақсы нәтижелермен аталып өтті. Ауа райының қолайлығына байланысты, егісіміз бітік, төрт түлік малдарымыз күйлі болды.
Әлемде болып жатырған жан-жақты өзгерістерге қарамастан, еліміздегі бейбітшіліктің арқасында, қазақ халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Табиғи таза өнімдерге сұраныстың артуына байланысты, ауыл тұрғындарының негізгі айналысатын ауыл шаруашылық өнімдеріне сұраныс көбірек. Сол себептен мал бағасының өсуі, ет пен сүтке, бау-бақша өнімдеріне сұраныстың артуына орай, ауыл халқының да жағдайы жақсара түсуде.
Көкше өңірінде Бурабайда өткен ІV Ұлттық құрылтайда, Торғай елінің көптен күтіп жүрген үміті “Орталық-Батыс” тасжолының салынатыны және де ол жол біздің Амангелді ауданының территориясынан өтетіндігі, жергілікті халыққа тағы бір қуаныш сыйлады.
2025 жылғы 12 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында Торғай өңіріне ерекше тоқталып, Үкіметке бұл өңірге айрықша назар аудару керек дегені, - Торғай елін мекендеп отырған әр азаматтың көңіліне қуаныш сезімін ұялатады.Осындай жақсы жаңалықтармен өткен жылды шығарып салып, алдағы Жаңа жылдан үлкен үміт күтеміз.
Жаңа жыл - баршаға жан шуағын сыйлайтын жайдары мерекеге толы жыл болғай. Жыл сайын біз оны үкілі үмітпен, игі тілекпен қарсы алып, толайым табыспен шығарып саламыз. Әлемде болып жатырған әртүрлі қақтығыстарға қарамастан, бейбіт өмір салтымен биыл да әл-ауқатымыз арта түсті.
Өтіп бара жатқан жыл дамудың келесі кезеңіне бастайтын оқиғалармен айшықталады. Біз алдағы жылы күш-қуатымызды еселейтін ауқымды нарықтың есігін ашамыз.
Келер жыл - терең тарихымызға, құқықтық негізімізге, берекелі бірлігімізге құрмет көрсететін жыл. Ынтымағы жарасқан халқымыз осы айтулы оқиғаларды лайықты атап өтеді, - деп сенемін.
Қазақ халқы жылқыны ежелден құт-берекенің басы деп білген. Ендеше алдағы Жылқы жылы молшылық пен ырысын ала келсін! Еліміздегі әр шаңырақтың дәулеті мен сәулеті артып, татулығымыз нығая берсін!
Құрметті жерлестер!
2026 Жаңа жыл сіздерге мықты денсаулық, әр отбасына бақыт, жаңа жетістіктер және татулық әкелсін! Шаңырақтарыңыз биіктей түссін!Әрбір жаңа бастамаларыңыз тек қана жеңіс пен сәттілікке ұласа берсін!
Амангелді аудандық
маслихатының төрағасы Н.Әлмағамбетов