Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің IV шақырылымының алғашқы отырысы өтті

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің IV шақырылымының алғашқы отырысы өтті

Алматыда Қоғамдық кеңестің IV шақырылымының алғашқы ұйымдастыру отырысы өтті. Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес Кеңестің құрылымы мен алдағы қызметіне қатысты негізгі ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Махамбет Қабдұлқайырұлы Хасенов сайланды. Ол – тәжірибелі басқарушы, қоғам белсендісі, ұзақ жылдар бойы партия құрылымында басшылық қызмет атқарған, қайырымдылықпен белсенді айналысады. Сондай-ақ бизнес жобаларда табысты тәжірибесі бар. Экономика, энергетика, экология және құқық салаларында білікті маман. Өндірістік, қаржылық және қоғамдық секторда мол тәжірибесі бар.

Отырыс барысында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің комиссия төрағалары да бекітілді:

  • №1 комиссия – Экономика, қаржы, активтер, мемлекеттік басқаруды дамыту, қоғамдық және сейсмикалық қауіпсіздік, цифрландыру бойынша: Шухрат Ахмеджанович Шардинов, «Алматы көпір құрылымдары зауыты» ЖШС директоры.
    №2 комиссия – Құрылыс, сәулет, урбанистика, жер қатынастары және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бойынша: Гүлмира Масабекқызы Байғабылова, «Urban Living» ЖШС бас директоры және құрылтайшысы, урбанист.
    №3 комиссия – Коммуналдық инфрақұрылым, энергетика, сумен жабдықтау және қалалық мобильділік бойынша: Асхат Рахымжанұлы Қабашев, Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының жаңа оқыту технологиялары жөніндегі проректоры, «Ельтай Каолин» ЖШС директоры.
    №4 комиссия – Кәсіпкерлік, инвестициялар, туризм және экология бойынша: Нұржан Бауыржанұлы Жақұпов, «Үшінші Consulting» ЖШС директоры, «Хак-Назар» ҚҚ мен «Жаңа Ғасыр» әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу қауымдастығының төрағасы.
    №5 комиссия – Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар ісі бойынша: Марлен Жақсылықұлы Рысбеков, Алматы қаласының нотариусы.
    №6 комиссия – Денсаулық сақтау, білім және жұмыспен қамту бойынша: Зәуреш Жұманәлиевна Аманжолова, мемлекет және қоғам қайраткері, медицина ғылымдарының докторы.

Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қоғамдық кеңес құрамындағы мемлекеттік органдар өкілдерінің үлесі үштен аспауы тиіс. Жаңа құрамға 42 адам кірді – олардың 39-ы азаматтық қоғам өкілдері және 3-еуі мемлекеттік органдар өкілі. Ашық конкурс тікелей эфир арқылы өтті, оған 150-ден астам өтінім келіп түсті. Құрамның 70 пайыздан астамы – жаңа тұлғалар. Кеңес құрамында барлық негізгі салалар қамтылған, 35 жасқа дейінгі жастар үлесі – 21,4%, орташа жас – 46. Сонымен қатар құрамға қандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, экологиялық ұйымдар, жұмысшы мамандық иелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері мен жастар кірді, гендерлік теңдік те сақталған.

Фото: Кайрат Конуспаев