Алматыда әлеуметтік көмек көрсету ережелері жаңартылды, экологиялық мәдениетті дамыту жоспары мен үй жануарларын ұстау нормалары бекітілді

Алматыда әлеуметтік көмек көрсету ережелері жаңартылды, экологиялық мәдениетті дамыту жоспары мен үй жануарларын ұстау нормалары бекітілді

Бүгін Алматы қаласында Мәслихаттың кезектен тыс XXIX сессиясы өтті. Сессия барысында депутаттар әлеуметтік қолдауды жетілдіруге, экологиялық мәдениетті дамытуға және қалалық орта сапасын арттыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдады.

Атап айтқанда, Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсету ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай, соғыс ардагерлеріне төленетін төлемдер ұлғайтылды: 21 соғыс ардагеріне 5 млн теңгеден, 6149 тыл еңбеккеріне 100 мың теңгеден төленеді. Мәслихаттың қолданыстағы шешіміне сәйкес, мұқтаж азаматтарға, оның ішінде Жеңіс күні сияқты маңызды күндерге орай, 14 түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар, депутаттар Алматы қаласында 2025–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Бұл жоспар қала экологиясы басқармасы тарапынан Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында әзірленген және халық арасында тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Жоспар экологиялық ойлау мен білімді дамыту, ауаның сапасын автоматты түрде бақылау жүйелерін орнату, экологиялық волонтерлікті қолдау, сондай-ақ «Жасыл мектеп» және «Жасыл кеңсе» жобаларын енгізуді қамтиды. Қабылданған Жоспар Алматыдағы экология саласындағы жүйелі жұмыстардың негізіне айналмақ.

Сессия шешімімен 2015 және 2019 жылдары қабылданған, қоршаған ортаның сапалық көрсеткіштері мен жануарлармен жұмыс істеу ережелеріне қатысты ескі құжаттардың күші жойылды.

Сонымен қатар, депутаттар Алматы қаласында үй жануарларын ұстау және серуендетудің жаңа үлгілік ережелерін бекітті. Бұл ережелер қазіргі заңнамадағы өзгерістерге сәйкес әзірленген. Жаңа нормалар халықтың қауіпсіздігін арттыруға, санитарлық талаптарды сақтауға және жануар иелерінің құқықтарын қорғауға бағытталған. Ережелерге сай, жануарларды еркін серуендетуге тыйым салынады, қоғамдық орындарда міндетті түрде бақылауда ұстау талап етіледі, «жаттықтыру алаңы» және «еркін серуен» ұғымдары енгізілді, ерекше бақылауды қажет ететін иттерді ұстау талаптары күшейтілді.